Bereke Bank инвесторға сатылған кезде шыққан шығын өтеледі – агенттік

Жарияланды
Фото: Kursiv.media

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі Bereke bank-ті сатқан кезде мемлекет жұмсаған қаражат толық өтеледі. Мұны Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

«Елімізде Ресейдің үш еншілес банктері болды. Олар: Сбербанк (қазір Bereke bank), Альфа-банк, ВТБ банк. 2022 жылы Альфа банкті Банк Центркредит сатып алды. Ол жекеменшік банк, оны шілдеде өз балансына қосты. 1 қыркүйекте Сбербанкті «Бәйтерек» ұлттық холдингі сатып алды. Bereke Bank-тің акционері – «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі. Холдинг қысқа мерзімді акционер болды, банктің жағдайы тұрақтанғаннан кейін банкті жаңа инвесторға сатады», – деді Олжас Қизатов.

Айтуынша, Bereke Bank-тің жағдайы қазір тұрақты.
«Банкті басқа инвесторға сатқан кезде Bereke Bank шыққан шығынды өтейді», – дейді Қизатов.
Сондай-ақ Олжас Қизатов банктердің активтері 18,4%-ға (+6,9 трлн теңге) 44,6 трлн теңгеге дейін өскенін хабарлады.

«NPL(90+) қарыздар деңгейі несие портфелінің 3,3%-нан 3,4%-на дейін (669 млрд теңгеден 815 млрд теңгеге дейін) аздап өсті. Банктердің реттеушілік меншікті капиталы 11,8%-ға 5,9 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Клиенттердің салымдары 21,5%-ға (+5,6 трлн теңге) 31,6 трлн теңгеге дейін ұлғайды», – деді ол.

Айтуынша, 2022 жылдың наурыз – қараша аралығында барлық 21 банк бойынша 33 сандық және 122 сапалық көрсеткішті талдау негізінде 2022 жылға SREP қадағалау бағалауы жүргізілді. Нәтижесінде банктердің 2021 жылғы SREP қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктерді жойғанын көрсетті.
Сондай-ақ 2022 жылы активтердің 71% және банк секторының несие портфелінің 72% үлесін құрайтын 10 ірі банк бойынша AQR өткізілді.
2022 жылдың қазанында тұрақты AQR нәтижелері аяқталды, оның қорытындысы бойынша 10 банк бойынша капитал жеткіліктілігінің жалпы деңгейін бағалау 17,6%-дан 15,9%-ға дейін азайтылды.
2023 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша қатысушы банктер AQR бойынша іс-шаралардың жалпы санының 95,7%-ын немесе 22 439 іс-шараны іске асырды.
Қалған 4,3%-ын немесе 1 010 іс-шараны іске асыру негізінен 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында аяқталуы жоспарланған.

Сондай-ақ оқыңыз