Жаңа апта теңгенің құнсыздануымен басталды: USDKZT жұбы бір доллар үшін 458,63 теңгеге (+1,42 теңге) дейін көтерілді. Бұл ретте сауда белсенділігі айтарлықтай төмендеп, сауда көлемі $135,0 млн (-63,6 млн) құрады. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының сарапшылары теңге бағамына сыртқы емес, ішкі факторлар әсер етті деп пайымдайды.
Жалпы сыртқы факторлардың оң екенін (мұнай бағасының өсуі, доллардың құнсыздануы, инвесторлардың тәуекелге баруы) ескерсек, теңгенің бұл динамикасына тек ішкі факторлар әсер етуі мүмкін. Шетел валютасына деген сұраныс сыртқы борышты өтеу және оған қызмет көрсету бойынша тоқсан сайынғы төлемдер, импорттық операциялар бойынша төлемдер, сондай-ақ Ұлттық банктің БЖЗҚ валюталық активтерін толықтырумен байланысты болуы мүмкін.
Ақша нарығы
Дүйсенбіде сауда белсенділігі жоғары болып, ақша нарығының ставкалары көтерілуін жалғастырды. TONIA кірістілігі 16,63%-ға (+20 б.п.) өссе, SWAP 15,61%-ға (+41 б.п) дейін жетіп, сауда көлемі 742,6 млрд теңгені (+117,0 млрд) құрады. Бұл ретте қысқа мерзімді өтімділік алу операциялары шеңберінде Ұлттық Банктің депозиттік аукционында жылдық 16,75% кірістілікпен 228 млрд орналастырылды. Бұл ретте ҚҰБ-тың операциялар бойынша ашық позициясы депозит көлемінің төмендеуіне байланысты, соңғы аптада 0,3 трлн. азайып, шамамен 3,6 трлн. теңгені құрады.
Қор нарығы
Дүйсенбі күні KASE индексі әлсіз өсім көрсетіп, 3 281,61 тармақта (+0,15%) жабылды. Жергілікті инвесторлардың көңіл-күйіне қарамастан, Халық Банкінің акциялары (+4,0%) өсімнің негізгі драйвері болды. Бұл ретте S&P Global Ratings KASE индексіне енген қазақстандық банктердің рейтингін растап, олардың мықты ұстанымдары мен тұрақты қаржылық көрсеткіштерін атап өтті.
Әлемдік нарық
АҚШ-тың негізгі қор индекстері дүйсенбі күні сауда-саттықты әр түрлі бағытта аяқтады: S&P пен Dow 0,2% және 0,6% қымбаттаса, ал Nasdaq -0,5% төмендеді. Қаржы секторындағы көңіл күйдің жақсаруына FDIC-тің банкрот болған Silicon Valley Bank-тің депозиттері мен кредиті First-Citizens Bank иелігіне өтеді деген хабары әсер еткен. First Republic Bank акциялары да АҚШ билігінің банктерге қосымша қолдау көрсету мәселесін қарастырып жатқаны жайлы жаңалықтардан кейін көтерілді.
Мұнай
Дүйсенбі күнгі саудада Brent маркалы мұнай бағасы күрт көтеріліп (+4,3%), барреліне 77,8 долларды құрады. Мұнай бағасының қымбаттауына АҚШ пен Еуропадағы банк дағдарысы аясында шикізатқа деген сұнарыс төмендейді деген қорқыныштың сәл сейілуі әсер еткен. Сондай-ақ Ресей Федерациясының Беларусь аумағында ядролық қару орналастыратыны жайлы мәлімдемесінен кейін, геосаяси шиеленістің күшеюі де белгілі бір деңгейде ықпал еттті. Дәл қазіргі уақытта мұнай бағасы 0,5%-ға төмендеп жатыр.
Ресей рублі
Сауда-саттық нәтижесінде USDRUB жұбы 0,5%-ға құлдырап, бір долларға 76,68 рубль деңгейінде жабылды. Бүгін Ресей бюджетіне акциздер, ҚҚС, пайдалы қазбаларды өндіру салығы, табыс салығы және сақтандыру төлемдері аударылуы тиіс. Дегенмен, бүгінгі саудада санкциялық тәуекелдер мен геосаяси шиеленістердің аясында рубль тағы да әлсіреуі мүмкін.