Қазақстан-Қытай: 565,4 млн долларға келісімшартқа отырды

Жарияланды

Алматыда өткен Қазақстан мен Қытай шекаралас ынтымақтастығының II Достық диалогы форумында екі ел 16 құжатқа қол қойды. Оның 5-уі 565,4 млн доллар тұратын коммерциялық құжат. Екі ел кәсіпкерлері құрылыс, энергетика, тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, машина жасау, туризм, инвестициялар және басқа да салалар бойынша ынтымақтастығын арттырмақ.

«Мемлекет басшылары жан-жақты ынтымақтастықты дамытуға көп көңіл бөледі. Биыл «Бір белдеу – бір жол» бастамасына 10 жыл толады. Осы кезеңде біздің серіктестігіміз жаңа сапалы деңгейге көтерілді. Ынтымақтастықтың барлық бағыттары бойынша оң серпін байқалады. Бүгінде Қазақстанда тау-кен металлургия кешені, өңдеу өнеркәсібі және басқа да стратегиялық салаларда 3300 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді», деді Премьер – Министрдің орынбасары-ҚР Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин.

Біздің елді Қытаймен байланыстыратын негізгі аймақ – Шыңжаң өңірі. Оның үлесіне Қазақстан мен Қытайдың барлық тауар айналымының 40%-дан астамы тиесілі екен. Вице-Премьердің хабарлауынша, Қазақстан Қытай нарығына 1 млрд доллардан астам сомаға 135 тауар позициясы бойынша өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы тауарларының кең ассортиментін ұсына алады. Атап айтқанда, қазақстандық кәсіпорындар көрші елге салқындатылған ет өнімдерін, балық өнімдерін, құс еті мен қосалқы өнімдерді, шошқа етін, жұмыртқаны, жылқы және жоғары маржиналды тауарлардың басқа да түрлерін жеткізе алады.

«Қазақстан ҚХР-ға жыл сайын бидай жеткізу көлемін 1 млн тоннаға дейін және одан да жоғары деңгейге жеткізуге дайын. Бұл үшін инфрақұрылымдық мүмкіндіктер де бар. Мен бір теміржол астық құрамын ҚХР-дың бондтық аймағына пилоттық бағыттау туралы тапсырма бердім», деді Серік Жұманғарин.

Осы орайда министр өзара сауда мәселелерін жедел шешу үшін Қазақстан мен Қытай арасында ауыл шаруашылығы жөнінде Кіші комитет құруды ұсынды.

Сонымен бірге шекара бойындағы өткізу пункттері, логистикалық орталықтар мен көлік инфрақұрылымы жұмысының тиімділігін арттыру жолдарын талқылады. Қазіргі уақытта «Қорғас» және «Қорғас – Шығыс қақпасында» сауда инфрақұрылымы мен шекаралық бақылау жүйесін жаңғырту шаралары жүргізіліп жатқандығы айтылды. Сол мақсатта Қазақстан-Қытай логистикалық терминалымен жүктердің кедергісіз транзиті үшін қажетті база қалыптастырылып, Үрімші мен Алматыда сауда хабын салу жоспарлануда. Бұдан басқа, Бақты – Шауешек автомобиль өткізу пункті аймағында Қазақстан мен Қытай арасындағы үшінші теміржол өткелі ашылмақ.

2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен ҚХР арасындағы өзара сауда 24 млрд долларға жетті. Қытайға нарығына бағытталған экспорт үштен бірге өсіп, 13 млрд доллардан асса, импорт 33,5%-ға өсіп, 11 миллиард долларды құраған.

Сондай-ақ оқыңыз