Ауыл шаруашылығы кооперативтеріне 1 триллион теңгеге жуық қаражат бөлінеді

Жарияланды
Фото: Kursiv.media

Ауыл шаруашылығы кооперативтеріне 1 триллион теңгеге жуық қаражат бөлінеді. Бұл туралы Парламенттің бірлескен отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.
«Биыл тағы 1,5 мыңнан астам жобаға бюджеттен 143 миллиард теңге бөлінеді. Мен сайлау алдында ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту қажеттігі туралы анық айттым. Бұл – маңызды міндеттің бірі. Оны ауыл шаруашылығы кооперациясы арқылы жүзеге асыру керек.Сол үшін «Ауыл аманаты» жобасы қолға алынады. Ауыл тұрғындарына 5-7 жылға жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі», – деді ол.
Айтуынша, ауыл шаруашылығы кооперативтері халыққа қызмет көрсету және өнім өткізу үшін құрылады. Оларға құрал-жабдық және техника сатып алу үшін субсидия беріледі.
«Осы мақсатқа 1 триллион теңгеге жуық қаражат бөлінеді. «Ауыл – ел бесігі», «Ауыл аманаты» жобалары ауылды дамытуға арналған жаңа тұжырымдамаға арқау болуға тиіс. Топырақтың құнарын сақтап, оны жақсарту үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет», – деді Тоқаев.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану үшін бақылауды күшейту қажет екенін айтты.
«Ауыл шаруашылығы саласындағы реформаларға сапалы заңдар қажет. Бұл жұмысқа Мәжілістен орын алған «Ауыл» партиясы өз үлесін қосады деп сенемін», – деді президент.

Сондай-ақ оқыңыз