Жаһандық рецессия кезінде жапон валютасының маңызы арта түспек. Әлемдік сауда алпауыты Alibaba бизнесін қайта құрылымдайтынын хабарласа, JPMorgan биыл акциялар өспейді деп отыр. АҚШ билігінің Binance криптовалюта биржасына жасаған қысымына байланысты соңғы жеті күнде инвесторлар одан 2 миллиард доллар шығарып алған. 28 наурызда әлемдік БАҚ назарында болған тақырыптар – осылар.
Иеннің жұлдызды сәті жақын ба?
Доллар мен франк беделіне нұқсан келтірген АҚШ пен Швейцариядағы банк дағдарысынан кейін, әлем назарын иенге аударып жатыр деп жазады Bloomberg. DWS Group және Morgan Stanley сияқты компаниялар назарын жапон валютасына аударғаны сол еді, иен әлемдегі ең тиімді валютаға айналды. Оны Allianz Global Investors сияқты алпауыт компаниялар «рецессия айлағы» ретінде қарастырады. Deutsche Bank AG DWS Group алдағы12 айда иеннің долларға шаққандағы бағамы 1 доллар үшін 125 иенге дейін нығаяды деп бәс тігіп отыр. Трейдерлер бұл валютаға кейінгі үш жылдағы ең жоғары бағаны беріп тұр. Дегенмен, бұл валютаны портфельде ұстау пайыздық мөлшерлеменің айырмашылығына байланысты «өте қымбатқа» түседі
Alibaba бизнесін бірнеше бөлікке бөледі
Қытайлық Alibaba Group сейсенбіде алты бизнес тобынан құралған холдингке айналатынын мәлімдеген. Бұл туралы NYT жазады. Әр бизнес тобына сырттан инвестиция тартуға рұқсат етілмек. Шешімді тез қабылдау үшін әрқайсысының жеке бас атқарушы директоры мен директорлар кеңесі болады. Taobao Tmall Commerce Group электрондық коммерция бөлімшесі ғана толықтай Alibaba иелігінде қалады. Бұл жаңалықтан соң сейсенбіде АҚШ-тағы Alibaba акциялары 14%-дан астамға өсті.
JPMorgan: Енді акциялар қымбаттамайды
JPMorgan биыл АҚШ акциялары ең жоғары құнына жетті деп есептейді. Олардың бағасы енді одан әрі өспейді, деп жазады Business Insider. Оған себеп – нарықтағы қаржы тұрақтылығына қатысты алаң көңіл мен экономикалық болжамдардың нашарлауы. JPMorgan-ның бас жаһандық стратегі Марко Коланович инвесторларға қазір құлдыраған акцияларды сатып алудан бас тартуға кеңес береді. Өйткені сарапшы АҚШ қор нарығы құлдырай береді деген пікірде. JPMorgan АҚШ Федералды резерв жүйесі мөлшерлеменің төмендеуі туралы сигнал бермейінше, «акциялардың тәуекел/пайда қатынасы жақсармайды» деп пайымдайды.
Binance-тен 2 миллиард доллар «шығып кетті»
Криптовалюта биржасы мен АҚШ Тауар фьючерстері сауда комиссиясының арасындағы дау кезінде инвесторлар Binance-тен 2 миллиард долларға жуық қаржысын алып алған. FOX Business-тің жазуынша, трейдерлер криптокомпанияның жағдайы қиындап кетеді деп қорқып отыр. Криптография деректерінің провайдері Nansen мәліметі бойынша, Binance-тің Ethereum блокчейніндегі таза ақша ағыны жеті күн ішінде $2,1 млрд құраған. Жалпы, Binance әмияндарында $63,2 млрд жатыр.
Айта кетейік, Тауар фьючерстері сауда комиссиясы дүйсенбі күні сотқа Binance-ке қарсы шағым түсірді. Талапқа сәйкес, Binance АҚШ заңын орындаудан әдейі жалтарып, талаптарды орындамай жатқан көрінеді. Инвесторлар мен сарапшылар Binance-ке қарсы жаңа реттеу шараларын мұқият бақылап отыр.