Жаңалықтар

Премьер-министрдің кандидатурасын сайлауда басым дауыс алған Amanat ұсынады

Фото: Ақорда

Премьер-министрдің кандидатурасын сайлауда басым дауыс алған партия ұсынуға құқылы. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің бірлескен отырысында айтты.

«Премьер-министрдің кандидатурасын сайлауда жеңіске жеткен партия мемлекет басшысына ұсынуға құқылы деп айттым. Осы ретте саяси жауапкершілік те сол партияға жүктеледі. Бұл тәсіл күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасына сай келеді. Үкімет әлеуметтік-экономикалық реформаларды іске асыруға тиіс», – деді мемлекет басшысы.

Президент болашақта Үкіметтегі және аймақтардағы басшылық қызметтерге түрлі партия өкілдерін тартқан жөн екенін айтты.

«Ол үшін саяси партиялардың кадрлық резервін жасақтауды ұсынамын. Сондай-ақ, өкілді және атқарушы биліктің қарым-қатынасы жаңаша сипатқа ие болады», – деді Тоқаев.

Сәрсенбі күні Үкіметтің өкілеттігі тоқтатылған болатын. Парламенттің VIII шақырылымының алғашқы кеңейтілген отырысы да, сәрсенбі күні өтті. Онда Мемлекет басшысы сөз сөйлеген еді.

Орталық сайлау комиссиясының ақпаратына сәйкес, сайлауда Amanat партиясы жеңіске жетті. Партиялар төмендегідей дауыс жинады:
Amanat партиясы – 53,90% (40 орын);
«Ауыл» партиясы – 10,90% (8 орын);
Respublica партиясы – 8,59% (6 орын);
Қазақстан халық партиясы – 6,80% (5 орын);
«Ақ жол» партиясы – 8,41% (6 орын);
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы – 5,20% (4 орын).
«Байтақ» жасылдар партиясы – 2,30% (Мәжіліске өтпеді);
«Бәріне қарсымын» – 3,90% (248 291);
Барлық дауыс бергендер саны – 6 366 441.