Тоқаев: Шикізат экспортымен айналысатын компаниялар қазынаға көбірек төлем түсірсе, әділ болады

Жарияланды (жаңартылды )

Фото: Kursiv.media

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев парламенттің бірлескен отырысында іскерлік белсенділікті ынталандыру қажет екеніне мән берді. Оның пікірінше бұл мақсатта, ең алдымен, әділ, тұрақты әрі ашық салық жүйесін қалыптастыру керек.

«Салық саясатының жаңа моделі ұлттық байлықты тиімді бөлуді, экономикалық белсенділіктің жоғары деңгейі мен экономиканың басым бағыттарын нақты қолдауды қамтамасыз етуге тиіс. Салық кодексі және тұтас салық саясаты түсінікті, тұрақты болуы қажет», деді Президент.

Парламентте мемлекеттік бюджетке мол кіріс әкелетін корпоративтік табыс салығы мен қосымша құн салығына қатысты мөлшерлемелерді әртараптандыру мүмкіндігін талқылауға мән беру керек екенін ескертті.

«Ірі кәсіпорындар және шикізат экспортымен айналысатын компаниялар қазынаға көбірек төлем түсірсе, әділдік болар еді. Бұл әлемде бар озық тәжірибе. Қазір елдегі жағдай түбегейлі өзгерді. Әділетті Қазақстан дегеніміз – жалаң ұран емес, бұл – анық ақиқат. Алда атқаратын жұмыс көп. Біз бұған бір ел болып түгел атсалысуымыз керек», деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы кәсіпкерлерге де үндеу тастады.

«Біздің басты міндетіміздің бірі – жеке меншікті қорғау және нарықтың бәсекелі болуын қамтамасыз ету. Сол үшін сот және құқық қорғау жүйесіндегі реформаларды жалғастыру қажет», – деді Тоқаев.

Кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілітініне кепілдік беретінін айтқан Мемлекет басшысы, оларды Қазақстанды бірлесе өркендетуге шақырды.

«Біз шағын және орта бизнестің бәсекеге қабілетін арттыру мәселесіне баса мән береміз. Осы орайда, шағын және орта бизнеске қолдау көрсетудің бірыңғай кешенді бағдарламасын әзірлеу қажет», – деді мемлекет басшысы.

Тоқаев шағын және орта кәсіпкерлік экономика мен еңбек нарығының қозғаушы күшіне айналуға тиіс екеніне тоқталды.
«Шағын және орта бизнесті толыққанды қолдау үшін кешенді шаралар қабылдау керек. Олар елімізді дамытуда маңызды рөл атқаратынын толық сезінуге тиіс. Бізге Қазақстан экономикасын дамыту жолында өзіне жауапкершілік ала алатын кәсіпкерлердің «жаңа толқыны» қажет. Оның бел ортасында әкімшілік ресурстарға иек артпай, кәсіпкерлік таланты мен еңбекқорлығының арқасында кәсібін табысты жүргізе алған бизнесмендер болуға тиіс», – деді Тоқаев,
Айтуынша, мұндай адамдар әр аймақта бар. Оларға елімізде өз бизнесін дамытуға мүмкіндік беру және нақты көмек көрсету қажет.

«Қазақстанның қазіргі экономикалық моделі, ең алдымен, шикізат секторына инвестиция тартуға негізделеді. Сондықтан ұлттық буржуазияның негізін құрайтын орта бизнес жүйесіз дамып жатыр. Тек жекелеген аймақтарда ғана оң қарқын байқалады», – деді мемлекет басшысы.

Айтуынша, Үкіметке экономиканың негізгі салаларына қомақты инвестиция, соның ішінде шетелдік инвесторларды тарту міндеті жүктеледі. Олар орта бизнестің дамуына тың серпін беруге тиіс.

Сондай-ақ оқыңыз