Жаңалықтар

Елде бәсекелестікті дамыту үшін 8 Жол картасы бекітілді

Фото: ortcom.kz

ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі медицина, тұрғын үй құрылысы, отын-энергетикалық кешен, көлік және байланыс салаларындағы бәсекелестікті дамыту үшін 8 Жол картасын бекітті.

Агенттік тауар нарықтарына талдау жүргізіп, нәтижесінде отын-энергетика кешені, көлік және байланыс, медицина және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нарығында шешуді талап ететін талай мәселені анықтаған. Яғни ресурстар мен инфрақұрылым қолжетімді болмау, мемлекеттік қадағалау мен реттеудің артық тұстары, бағаны теңгерімсіз реттеу, кәсіпкерлікке мемлекеттің араласуы, жеке операторларды құру, мемлекеттік қолдау мен сатып алудағы теңсіздік сынды мәселелер көп жағдайда бәсекелестікті арттыруға кедергі болатыны айтылды.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Рустам Ахметов әр салада қандай жұмыстар жоспарланғанына тоқталып өтті.

«Медицина және дәрілік заттар саласында 20-ға жуық іс-шара көзделген екен. Соның біріншісі артық баға реттеуді төмендету. Сонымен бірге субсидиялар алу үшін шекті мәндерді төмендету, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін мемлекеттік бағалық реттеуді қайта қарау, ауыл шаруашылығы өнімдерінің биржалық саудасының ритейлін дамыту, мұнай өнімдерімен биржалық сауда-саттықты дамыту, Тұрғын үй құрылысы саласындағы бәсекелестікті дамыту әкімдіктердің жауапкершілігі мен құрылыс салушыларды бақылауды күшейту, бастапқы нарықта тұрғын үй салу және өткізуге рұқсат алу процестерін толық цифрландыру», – деді агенттік өкілі.


Ал телекоммуникация саласындағы бәсекелестікті дамыту бойынша Жол картасында, еншілес компанияларды, бірінші кезекте ұялы байланыс операторларын сату арқылы «Қазақтелеком» компаниясының тобын демонополизациялау көзделген екен.