Литий өндірісінде Қазақстанның әлеуеті қандай?

Жарияланды

        

Фото: Shutterstock 

Әлемдік нарықтағы қымбат әрі жоғары сұранысқа ие металдардың көш басында қазір литий шикізаты тұр.  Дүниежүзілік банктің есебінше алдағы 2050 жылға қарай мұндай таза энергия көздеріне сұраныс артқан үстіне арта түспек.

                             Электроника дәуірінің мұнайы

Мәселен, мыс, графит, литий және кобальт сынды минералдардың өндірісі 500%-ға ұлғаюы мүмкін деп болжанып отыр. Оның ішінде литийге деген сұраныс алдыңғы қатарға шығады. Сарапшылардың айтуынша жалпы литиге әлемнің көзі өткен ғасырдың соңғы он жылдығында ғана шындап түсе бастады. Сол себепті де әлемдік сарапшылар бұл шикізат түрін электроника дәуірінің мұнайы деп атауда.

«Алғаш 1991 жылы  Sony компаниясы алғашқы литий-иондық батарея шығарғаннан бастап литий электроника саласында үлкен сұранысқа ие шикізатқа айналды. 1995 жылы әлемдік литий өндірісі 9.5 мың тоннаны құрады және оның 37% АҚШ өндіріп жатты. Қазіргі таңда әлемдік литий өндірісі 100 мың тоннадан асып жығылды және оның 1/2 бөлігін жалғыз Аустралия өндіруде. Ал әлемдегі литийдің 90% Аустралия, Чили және Қытай өндіруде және АҚШ үлесі 1% шамасында ғана», дейді қаржылық сарапшы Асылхан Андашев.

Оның айтуынша, литийге деген сұраныс соңғы онжылдықта ғана қатты өскендіктен әлемдегі қоры дұрыс зерттелмеген ресурстардың қатарына жатады. Әзірге ең көп қоры Боливия, Чили және Аргентина елдерінде деп есептелінеді.

                Әлемдегі литийдің үштен бірін Қытай өндірмек 

 Соңғы уақытта көршілес аспан асты елі де бұл металдың әлемдік нарықтағы негізгі ойыншысы болуға ұмтылғаны байқауға болады.  

  Жақында шыққан деректерге сүйенсек Қытай мемлекеті  шикізаттың дәл осы түрін алдағы үш жылда қарқынды түрде өсірмек. Тіпті, әлем бойынша көлемнің үштен бірі осы Қытай еліне тиесілі болуы мүмкін деген болжам айтады. Көршіміз соңғы жылдарда тек өз елінде ғана емес Африка елдеріндегі литий кен орындарына инвестиция көлемін ұлғайта түскен.

 Bloomberg порталы UBS AG деректеріне сілтеме жасай отырып Қытай 2025 жылға қарай әлемдегі литий жеткізілімінің шамамен үштен бірін қамтамасыз етеді мәлімет жариялады.

«Қытайдың бақылауындағы кеніштер, соның ішінде Африкадағы кен орындары  өндірісті 2022 жылы 194 000 тоннадан  2025 жылға қарай  705 000 тоннаға дейін арттырады деп күтеді. Осылайша, Қытайдың электромобильдерге арналған аккумуляторлар шығаруға қажетті литий өндірісіндегі әлемдегі үлесі былтырғы 24 пайыздан 32 пайызға дейін артады»,-деп жазады  Bloomberg порталы UBS AG дерегіне сілтеме жасай отырып.

 Сарапшылардың  пікірінше Қытайдың мұндай қадамға бел шеше кірісу себебі елдегі экологиялық проблеманың шетін мәселеге айналып отыруында дейді. 

«Өйткені Қытай – әлемдегі ауаны ең үлкен ластаушы ел. Сол себепті де экологиялық таза көлік өндіру сияқты саласын алға қойып, қарқынды дамыту үстінде. Ал оған көптеп литий қажет болады. Бүгінде Қытай  әлемдегі литий өндірісінің 11-13% (14 мың тонна) ие бола тұра, литий-иондық батареяның 60% өндіруші болып отыр. Сол себепті де Қытай қазіргі таңда өзіндегі литий қорына қарап қалмай, Африка елдеріндегі пайдалы қазбаларды  іздеуге, өндіруге көптеп инвестиция құюда»,-дейді Асылхан Бахадырұлы.

Оның пікірінше  қазіргі таңда осы металдың өндірілген көп бөлігі тікелей элетронока саласына кетіп жатыр. Мәселен,  2010 жылы барлық өндірілген литийдің 27% ғана  электроника саласында қолданылса, қазіргі таңда оның көлемі 74%-ға жетіп отыр.

                     Қазақстанның әлеуеті қандай?

 Аталған қымбат метал қоры біздің елде де бар. Бірақ, әзірге көлемі тым аз деп саналады. Сарапшылар дәл осы литий біздің экономикамыздың негізі кіріс көзіне ацналады деп айтуға күмәнмен қарайды. Себебі, бізде бұл металдың кен орындары әлі толық зерттеліп ашыла қойған жоқ деген пікірді алға тартады.  

«Қазақстанда литий қоры дұрыс зерттелмеген. Негізінен Шығыс Қазақстанда шоғырланған және қазіргі кездегі көлемі бірнеше ондаған мың (40 мыңға дейін) тонна ғана деп айтылып жүр.  Ондай көлемдегі литийді Аустралия бір жылға жетпес уақытта өндіріп жатыр. Кейбір анық емес ақпараттарға сенсек алдағы уақытта  еліміздегі  литий көлемі 100 мың тоннаға дейін баруы мүмкін. Бірақ, бұл да соншалықты  үлкен көрсеткіш емес»,-дейді сарапшы А.Бахадырұлы.

Сарапшы осы пікрін тарқата келе; «Мұндай аз көлемдегі литийге ие бола отырып, литийді өңдеп, одан дайын өнім өндіруге тырысу – экономикалық тұрғыда тиімді болмауы мүмкін. Экономикалық тиімділік үшін сан да өте үлкен рөл ойнайды. Көп өндірген сайын  тауардың өзіндік құн азаяды. Сол себепті алдағы уақытта Қазақстандағы литий өндірісі экономиканың ең маңызды салаларының біріне айналады деп айту қиын», -деген тұжырым жасайды.

                    Әлемде литий өндіру бәсекесі басталып кетті

Осы бір қасқалдықтың қанына тең болған металға деген әлімдік сұарынсытың күн санап артуы ірі эконмикалық  көшбасшы елдердің өзі литий өндірісін тікелей бәсекелестік тұрғыда дамытуға кірісіп кеткен. Оның бірнеше себептері бар. Мәселен, Еуропалық Одақ  елдері 2035 жылдан бастап жанар-жағар май мен жүретін көліктерді көшелерінде жүргізбейміз деп отыр. Оған өзге  елдердегі осыған  ұқсас экологиялық тазалақты алға тартқан  бастамалар алдағы уақытта да литийге деген сұранысты арттырары түсетін болады.  

«Қазір АҚШ, Еуропалық Одақ пен Қытай сияқты ірі экономикалық көшбасшылар арасында болашақта қажет болатын ресурстарға бәсекелестік пайда болды. Оның ішінде литий ерекше рөл ойнайды. Еуропа елдерінде литий өндіру Франция, Германия, Сербия сияқты елдерде жолға қойылуда. Онымен қоса, Еуропа елдері литийді қайта өндеуге үлкен акцент қойып отыр»,- дейді сарапшы А. Андашев.

  Соңғы уақытта  адамзат көмір­тектен біртіндеп бас тартып, экологиялық тұрғыда таза энергия тасығыштарға назар аударып келе жатыр. Бұл жерде өзге де шикізаттармен бірге  литийдің орны бөлек. Уақыт өткен сайын әлем бойынша электромобильдердің паркі көбейіп жатқаны да бұған бір себеп. Өйткені, бұндай көлік түрінің басты қуат көзі – литий-ионды аккумулятор екенін бәріміз білеміз.

                                                                   

Сондай-ақ оқыңыз