Фото: shutterstock.com
Кейінгі жылдары мемлекеттік бюджет шығысы кірісінен асып түседі. Ұлттық қордан бөлінетін трансферттер де көмек бола алмай жатыр. Ел экономикасының өсімі бюджет параметрлеріне емес, мұнай бағасына байлаулы. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының талдау орталығы мемлекеттік бюджеттің кейінгі 10 жылдағы жағдайын шолу жасаған.
10 жыл ішінде Қазақстан мемлекеттік бюджет көрсеткіштері 3 еседен аса өскен: кірісі 2013 жылғы 6,4 трлн-нан 2022 жылғы 20,2 трлн-ға дейін өссе, шығысы 6,9 трлн теңгеден 21,5 трлн-ға дейін артты. Яғни бюджет дефициті 7 жыл ішінде 0,7-ден 2,2 трлн-ға жетті.
Бұл жағдайда елдегі экономикалық өсім динамикасы бюджет параметрлеріне емес, мұнай бағасының өзгеруімен (корреляция коэффициенті – 0,73) тығыз байланысты.
Жыл сайын артып отырған бюджет тапшылығы мемлекеттің сырттан алған қарызы есебінен жабылып келеді: мемлекеттік қарыз көлемі 10 жылда 5,7 есе артты.
Қазіргі кезде Қазақстанның сыртқы қарызы 7,8 трлн теңге немесе 17,0 млрд АҚШ долларына жеткен.
Сыртқы қарыз көбейген сайын оларға қызмет көрсету шығыны да артып барады. Мысалы бұндай шығын 2013 жылы 0,5 трлн теңге болса, 2022 жылы оның мөлшері 3,2 трлн теңгеге жеткен.
Бюджет тапшылығын қаржыландыруда мемлекеттік бағалы қағаздарға басымдық (2015-2016 жж. қоспағанда) беріледі, оның көлемі 2013 жылы 3,6 трлн-нан 2022 жылы 14,2 трлн-ға дейін өскен. .
Мемлекеттік бюджет шығынын жабуға ҚР Ұлттық қорының қаражаты да пайдаланылады. Ұлттық қордағы теңгемен сақталған қаржыны айырбас бағамының әлсіреуімен қолдау жалғасып келеді. Ал кейінгі 7 жылда валюталық активтер 22 пайызға азайған.
Бұл ретте Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемені қайта-қайта көтергені, экономикадағы ақша массасы мен инфляцияның төмендеуіне толық ықпал етпесе де, экономикалық өсуді тежеуі мүмкін.
ҚР әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сәйкес, 2023-2025 жылдары байқалатын үрдістер жалғасатын болады: 2025 жылға қарай мемлекеттік бюджет тапшылығы ₸3,9 трлн-ға жетіп, мемлекеттік қарыз 42%-ға артады.
Ұлттық қордан қайта-қайта қомақты қаражат алу жалғаса берсе, қордың жайы әлемдік нарықтағы шикізат бағасы мен қаржы нарығындағы ахуалға тікелей байланысты болады.
16 наурыз күнгі Сенат отырысында 2023 жылға арналған бюджет нақтыланған еді. Қаржы министрлігі биыл бюджет кірісі 19,3 трлн теңге болса, ал шығысы 22,5 трлн теңгеге жететінін айтқан еді. Соның ішінде Ұлттық қордан 800 млрд теңге трансферт тартылатыны мәлім болды.