Жаңалықтар

TikTok желісінде құмар ойын ұйымдастырғандар 1,5 жылға сотталды

Алматы тұрғындары TikTok әлеуметтік желісінде заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін 1,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Қаржы мониторингі агенттігінің қалалық департаменті әлеуметтік желіде заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырушылардың әрекетін тоқтатты.

Алматы тұрғындары «TikTok» әлеуметтік желісінде ақша алып, ұтыстарды банк аударымы арқылы беріп, онлайн құмар ойын ұйымдастырған.

«Тергеу барысында азаматтардың әлеуметтік желілерде 4 ай ішінде заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырып, 13 миллион теңгеге жуық сомаға аса ірі көлемде кіріс алғаны дәлелденген», делінген хабарламада.

Алматы қаласының екі тұрғыны кінәлі деп танылып, 1,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, сот заңсыз ойын бизнесі саласында аса ірі көлемде кіріс алу арқылы осыған ұқсас құқық бұзушылық жасаған 4 тұлғаға қатысты іс қаралып жатыр.

Қазақстанда әлеуметтік желілерде ойын бизнесін ұйымдастыру заңсыз және «Ойын бизнесі туралы» заң нормаларына қайшы келеді.