Фото: shutterstock.com
Банктерге деректерді талдау процессін жеңілдетіп, корпоративтік қарыз алушылардың дефолт ықтималдығын бағалауға мүмкіндік беретін пакет бар. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі SupTech және RegTech бастамаларын іске асыру, сондай-ақ тәуекелге бағдарланған қадағалауды жетілдіру үшін Python тілінде «AFR» пакетін әзірледі. Бұл туралы агенттік баспасөз қызметі хабарлады.
Бұл – «R» бағдарламалау ортасындағы осы аттас пакеттің аналогы. 2022 жылы әзірленген «R»-дағы «AFR» пакеті пайдаланушылар арасында жоғары сұранысқа ие болып, 4 мыңнан астам рет орнатылған.
«AFR» деректерді жүктеуден бастап модельдердің сәйкестігін тексеруге дейінгі деректерді статистикалық талдау процестерін жүйелейді және автоматтандырады. «AFR» пакетінде меншікті және басқадан алынған функциялар жиынтығы пайдаланылады. Python нұсқасындағы «AFR» пакеті PyPI репозиторийінде (Python Package Index) қолжетімді», делінген хабарламада.
Агенттіктің хабарлауынша, «AFR» пакетінде «finratKZ» және «macroKZ» дерекқорлары бар. «FinratKZ» деректер жиынтығында дефолтты және стандартты топтарға бөлінген 400 қарыз алушы бойынша 29 қаржылық коэффициент бар.
MacroKZ дерекқоры 50 макроэкономикалық көрсеткішті, сондай-ақ банктің 2010-2022 жылдар кезеңіндегі 10 симуляциялық деректерін қамтиды. Макроэкономикалық көрсеткіштер мен қаржылық коэффициент бойынша статистикалық деректерді өзектендіру жаңа деректердің жариялануына қарай жүзеге асырылады
«AFR» бағдарламалық өнімі Агенттіктің зияткерлік меншігі және ұсынымдық сипатқа ие. «AFR» пакетін пайдалану қаржы институттарына деректерді статистикалық талдау процестерін жеңілдетуге және корпоративтік қарыз алушылардың дефолт ықтималдығын бағалаудың өзіндік моделін әзірлеуге мүмкіндік береді. Бұдан басқа, «AFR» банктерге қадағалап стресс-тестілеу және активтердің сапасын бағалау (Asset Quality Review) шеңберінде модельдер әзірлеуді жеңілдетеді.