Қазақстан халқы Ассамблеясы Петропавлдағы арандатушылықтарды айыптайды

Жарияланды

Қазақстан халқы Ассамблеясы Петропавл қаласындағы арандатушылықтарға қатысты мәлімдеме жасады.

Жұма күні жария етілген мәлімдеме Қазақстан халқы Ассамблеясы «Народный Совет г.Петропавловск» деп аталатын ұйымның атынан шыққан бір топ адамдардың арандатушылық мәлімдемесін қатаң түрде айыптайтыны айтылған.

«Біз, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығының мызғымастығын және оған ішкі және халықаралық заңнамамен кепілдік берілгенін мәлімдейміз. Бұл әрекеттерді мемлекетіміздің конституциялық негіздеріне, қауіпсіздігіне, бірлігі мен тұрақтылығына қарсы бағытталған ел мүддесіне жасалған опасыздық деп бағалаймыз» делінген хабарламада.

Қазақстан халқы Ассамблеясы мұндай арандатушылықтар аса жауапсыздықтың көрінісі және құзырлы органдар тарапынан қатаң түрде тиылуы, ал кінәлілер сот тәртібімен заң аясында жазалануы тиіс деп санайды.

«Қазақстан халқы Ассамблеясы азаматтарды мұндай әрекеттерге бой алдырмауға және мызғымас бірлігіміз бен қоғамдық келісіміміздің негізі – халқымызға тән даналықты, төзімділікті, сенім мен өзара сыйластықты сақтауға шақырады. Қазақстан – біздің ортақ шаңырағымыз және біз қай жерде болсақ та сүйікті Отанымыздың өкілдеріміз, ал халықаралық қауымдастық бізді біртұтас әрі қуатты ұлт ретінде таниды. Біз әртүрліміз, бірақ бірлігіміз әралуандылықта. Бұл қағидадан біз ешқашан ауытқымаймыз» делінген хабарламада.

Бұған дейін Бас прокуратура «Петропавл қаласы жұмысшыларының халық кеңесі» құрылғаны туралы желіде таралған бейнероликке қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын хабарлаған еді.

Сондай-ақ оқыңыз