Жаңалықтар

«Қазхром» салық заңнамасының тұрақтылығына кепілдіктер алуға мүдделі

Фото: Kursiv.media

«Қазхром трансұлттық компаниясы» сегіз жыл ішінде елімізге 259,1 млрд теңге инвестиция салуға міндеттеме ала отырып, 2030 жылға дейін салық заңнамасының тұрақтылығына кепілдік алуға мүдделі. Бұл туралы Ашық НҚА порталында жария етілген құжатта жазылған.

«Инвестициялық міндеттемелер туралы келісім» ИИДМ министрі Марат Қарабаев пен «Қазхром трансұлттық компаниясы» атынан жарғы негізінде әрекет ететін Прокопьев Сергей Леонидович арасында жасалған.

«Инвестор сегіз жыл бойы 259 111 297 000 теңге мөлшеріндегі инвестициялық міндеттемелерді жүзеге асыруы келісімнің нысаны болып табылады. Осы келісімді жасасқан инвесторға Кәсіпкерлік кодексінің 289-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы салық заңнамасының тұрақтылығына кепілдік беріледі», делінген келісім мәтінінде.

Құжатқа сәйкес, келісімде көрсетілген инвестициялық міндеттемелер сомасының кемінде елу пайызын қаржыландыру осы келісімді жасауға өтінім берілген жылды қоса алғанда, алғашқы төрт жыл ішінде жүзеге асырылуы тиіс.

Инвестор келісім жасалған жылдан кейінгі жылдан бастап жыл сайын республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және қазақстандық кадрларды үздіксіз оқытуды осындай қаржыландыру жүзеге асырылатын жылдың 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 20 мың еселенген мөлшерінен кем емес сомада (мысалы биылғы көрсеткіш бойынша ең аз дегенде 69 млн теңге) қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландыруды жүзеге асыруға және олардың біліктілігін арттыру жөніндегі жұмысты жүргізуге міндетті.

Келісімнің қолданылу мерзімі салық заңнамасының тұрақтылығы кепілдіктерінің қолданылу мерзімімен айқындалады.

29 наурыз күні Парламенттің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ірі кәсіпорындар және шикізат экспортымен айналысатын компаниялар қазынаға көбірек төлем түсірсе, әділдік болар еді. Бұл әлемде бар озық тәжірибе» деп мәлімдеген болатын.

Eurasian Resources Group құрамына кіретін «Казхром» хром рудасын игеру және ферроқұймалар өндірумен айналысады.