Мұрат Нұртілеу жаңа қызметке кірісті. Президент бірнеше министрді тағайындады

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Сыртқы істер министрлігі, Қорғаныс министрлігі, Ішкі істер министрлігінің жаңа басшылары тағайындалды. Бұл туралы Ақорда хабарлайды.

Мемлекет басшысының жарлығымен Мұрат Әбуғалиұлы Нұртілеу Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі болып тағайындалды.

Ол Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы лауазымынан босатылды.

2022 жылдың 19 қаңтарында Қорғаныс министрі болып тағайындалған Руслан Жақсылықов өз лауазымында қалды. Президент жарлығында:

«Руслан Фатихұлы Жақсылықов Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі лауазымына тағайындалсын», делінген.

Былтыр 25 ақпанда ІІМ басшысы болған Марат Ахметжанов та өз қызметін жалғастыра береді.

«Марат Мұратұлы Ахметжанов Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі лауазымына тағайындалсын», делінген Президент жарлығында.

30 наурызда Әлихан Смайылов қайтадан Үкімет басшысы болып тағайындалған еді.

19 наурызда өткен Парламент мәжілісі мен әр деңгейдегі мәслихаттар сайлауынан кейін, еліміздің бұрынғы үкіметі өкілеттігін тоқтатқан болатын.

Сондай-ақ оқыңыз