Олжас Бектенов Президент әкімшілігі басшысы болды

Жарияланды

Мемлекет басшысының жарлығымен Олжас Абайұлы Бектенов Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің басшысы болып тағайындалды, деп хабарлайды Ақорда.

«Олжас Абайұлы Бектенов Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы болып тағайындалсын, ол Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің) төрағасы лауазымынан босатылсын», делінген жарлықта.

Олжас Бектенов 1980 жылы 13 желтоқсанда Алматы қаласында туған.

Қазақ мемлекеттік заң академиясын (2001 ж.) бітірген, мамандығы – «Заңгер». Ол еңбек жолын 2002-2005 жылдары Алматы қаласы Әділет басқармасы бөлімінің бас маманы болып бастап, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің заң бөлімінде, ҚР Президенті Әкімшілігінде қызмет істеп, ҚР Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитеті төрағасының орынбасары болған.

2015-2019 жылдары Астана қаласы әкімінің аппарат басшысы, ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысы Хатшылығының меңгерушісі, Ақмола облысы әкімінің орынбасары. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының орынбасары қызметін атқарған.

2022 жылдың ақпанынан бастап Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Төрағасы болған.

Бүгін Президент 3 министрліктің басшыларын тағайындады.

30 наурызда Әлихан Смайылов қайтадан Үкімет басшысы болып тағайындалған еді.

19 наурызда өткен Парламент мәжілісі мен әр деңгейдегі мәслихаттар сайлауынан кейін, еліміздің бұрынғы үкіметі өкілеттігін тоқтатқан болатын.

Сондай-ақ оқыңыз