ОПЕК+ мұнай өндірісін қысқартатынын жария етті

Жарияланды
ОПЕК

Фото: shutterstock.com

ОПЕК+ құрамындағы Ресей мен Сауд Арабиясы сынды бірқатар мемлекет «мұнай нарығының тұрақтылығын қолдауға бағытталған алдын алу шарасы ретінде» мамыр айынан бастап жыл соңына дейін мұнай өндірісін қысқартатынын мәлімдеді.

2022 жылдың қазан айында ОПЕК+ елдері мұнай өндіру квотасын 2022 жылғы тамыздағы көрсеткішпен салыстырғанда тәулігіне 2 миллион баррельге қысқарту жайлы шешім қабылдады. Нарықтағы жағдай өзгермесе, квота 2023 жылдың соңына дейін жарамды деп болжанған.

Ақпан айының басында АҚШ пен «Үлкен жетілік» елдерінің мұнай және мұнай өнімдерінің импортына қатысты санкцияларына ұшыраған Ресей наурыздағы мұнай өндірісін ерікті түрде тәулігіне 500 мың баррельге қысқартқанын мәлімдеген еді. Жақында тағы 3 ай өндірісті қысқартатынын жариялады.

Ал жексенбі күні ОПЕК+ мониторинг комитетінің отырысы қарсаңында бірқатар ОПЕК+ елдері 2023 жылдың мамыр айынан бастап 2023 жылдың соңына дейін мұнай өндірісін қысқартамыз деді. Ал Ресей өз шешімін 2023 жылдың соңына дейін ұзартты.

Интерфакс агенттігінің болжамы бойынша, жалпы мұнай өндірісі тәулігіне 1,65 млн баррельге дейін қысқармақ. Соның 500 мың баррелі мәміле көшбасшылары – Ресей мен Сауд Арабиясының үлесінде.

ОПЕК-ке кірмейтін елдердің ішінде Қазақстан өндірісті тәулігіне 78 мың баррельге, Оман – 40 мың баррельге қысқартпақ. ОПЕК елдерінен: БАӘ – тәулігіне 144 мың баррель, Кувейт – 128 мың баррель, Ирак – 211 мың баррель, Алжир – 48 мың баррельге қысқартқан. Әр елдің қысқарту жоспары шамамен ОПЕК+ елдерінің өндірісті тәулігіне 2 миллион баррельге қысқарту туралы квотасына сәйкес келеді.

Сондай-ақ оқыңыз