Фото:
Индустрияландыру, өндірісті оқшаулау және инфрақұрылымды жаңғырту бойынша елімізде 147 мыңға жуық жұмыс орны құрылады. Бұл туралы үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. Марат Қарабаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2029 жылға дейін 147 мыңға жуық жұмыс орнын құрылады. Жалпы сомасы 33 трлн теңгеден асатын 800-ден аса инвестициялық жоба пайдалануға беріледі.
«Осы жобаларды іске асыру шамамен 9 трлн теңге сомасына өндіріс көлемін қамтамасыз етеді. Импортты алмастыру – 5 трлн теңге, экспорт 4,2 трлн теңге деңгейінде болжанады», – деді Қарабаев.
Марат Қарабаевтың сөзінше, іске асырылып жатқан жобаларды қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін биыл шағын өнеркәсіптік аймақтар іске қосылады. Оған қаражат Өнеркәсіпті дамыту қорынан бөлінеді.
Сондай-ақ министрлік 2029 жылға қарай алюминийді 5 есе, қорғасынды 4 есе және мысты 13 есе ішкі өңдеуді ұлғайту жоспарлап отыр.
«Қазірдің өзінде алюминий, мыс және қорғасынды өңдеу артып жатыр. Шикізатты ішкі тереңдетіп өңдеуді және дайын бұйымдарды шығаруды ұлғайтуға мүмкіндік беретін 20 жобадан тұратын пул қалыптастырылды. Осылайша, 2029 жылға қарай алюминийді 5 есе, қорғасынды 4 есе және мысты 13 есе ішкі өңдеуді ұлғайту жоспарланған», – деді Марат Қарабаев.