Қазақстан Ресей мен Украина арасында арағайын болуға дайын – Роман Василенко

Жарияланды

Фото: Сыртқы істер министрлігі сайты

Германияда ресми сапармен жүрген ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Deutsche Welle басылымына ауқымды сұқбат берді. Мемлекеттік тұлға өз сұқбатында бізде ашып айтыла бермейтін тақырыптарға да тоқталады. Сондықтан «Курсив» бұл сұқбатты сол күйінде аударып беруді жөн көріп отыр.

DW: Қазір Берлинде жүрсіз. Қазақстан мен Германия арасындағы энергетикалық ынтымақтастықты қаншалықты жиі талқылайсыздар?

Р.В: Жеткілікті деңгейде, жиі талқылаймыз. Қазақстан Норвегия мен Ұлыбританиядан кейін Германияға мұнай жеткізуші үшінші ел. Бұл – неміс статистикасы. Қазақстан мен ГФР арасында энергетика туралы диалог дәстүрлі ғана емес, сонымен қатар энергия ресурстарының жаңа көздерін де қамтиды. Бұл арада Swewind неміс-швед консорциумымен  ондаған жылдарға жасалған келісімшарты турасын сөз етіп отырмын. Оған сәйкес, Қазақстанда 2030 жылдан бастап жылына 3 миллион тонна «жасыл» сутегі өндіретін 45 гигаваттық күн және жел электр станцияларын салу жоспарланған.

DW: Бүгіндері Германия Қазақстанның газы мен мұнайына аса мұқтаж. Ресей кеткен кейінгі нарықта пайда болған вакуумды қаншалықты деңгейде толтыруға дайынсыздар? 

Р.В: Қазақстанда жылына 90 миллион тоннаға жуық мұнай өндіріледі, оның 90%-ы экспортқа бағытталады. Онда да оның 97%-ы Еуропаға Ресей Федерациясының территориясында орналасқан Каспий құбыр консорциумының құбыры арқылы айдалады. Қазақстан мұнай өндірісі тұрғысынан өз мүмкіндіктерін толықтай игеруде деп айтуға келмес. Жақында ғана біз Германияға «Достық» құбыры арқылы мұнай жөнелте бастадық. Ол үшін Ресей Федерациясымен және Германиямен келісімдер жасау қажет болды. Бұл мұнай Швед қаласындағы МӨЗ-ге жіберіледі. Қазақстанда өндіріс көлемін ұлғайтуға арналған ресурстар бар. Транспорт жүйесінің әлеуетін арттыру үшін инвестициялар мен бірнеше жыл қажет болады. Біз және біздің шетелдік серіктестеріміз осы бағытта жұмыс істеп жатыр.

DW: Жаңа ғана Каспий құбыр консорциумы мен «Достық» құбыры туралы айтып өттіңіз. Біреуі Ресей Федерациясының территориясын басып өтсе, тағы бірі – Ресейге тиесілі. Қазақ мұнайын ЕО-ға тасымалы жағына Мәскеудің ықпал ету тетіктері бар ма?

Р.В: Бұл құбыр (КТК – ред.) – жекеменшіктікі. Онда қазақстандық және ресейлік үкіметтердің үлесі бары рас, бірақ қожайындарының басым көпшілігі мұнайды қайда, қалай айдау керектігін анықтайтын жеке еуропалық және америкалық мұнай компаниялары. Олар үшін аталған құбыр желісі өте тиімді, өйткені маршрут тікесінен тартады, яғни құбырдан танкерге немесе керісінше тасымалдауды қажет етпейді. Бізді әртараптандырылған тасымал көздері мен мұнай тасымалы маршруттары қызықтырады, сондықтан біз үшін бұл маршрутты сақтау маңызды. Мұны Ресей де және осы құбыр арқылы мұнай тасымалына санкция енгізбей отырған Батыс елдері де жақсы түсінеді. Бірақ біз таңдау мүмкіндігін арттыру үшін болашақта балама маршруттарды дамытуға мүдделіміз.

DW: Қазақстанның халықаралық саясатын, көбінесе көпвекторлы саясат деп атайды. Қазақстанға қазіргі жағдайда – Ресей мен Украина арасындағы соғыс, Батыс елдерінің Ресей Федерациясына қарсы санкциялары кезінде қиын емес пе? Қазақстан бір мезетте Ресеймен, Қытаймен және Еуропамен достық қарым-қатынасты қалай сақтап қала алуда?

– Біз көпвекторлы, теңдестірілген, прагматикалық сыртқы саясатты жүргіземіз. Тәуелсіздік алған сәтте оның негізін қалаушылардың бірі сол кездегі СІМ басшысы, ал қазіргі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Тәуелсіздік алған жылдардан бері көпвекторлы сыртқы саясат Қазақстан үшін өзінің теңдесіз екенін дәлелдеп берді. Біз соңғы бір жыл ішінде бұл саясаттың қаншалықты дұрыс екенін жақсы түсіндік. Бұл арада біз барлық серіктестерімізбен, ең жақын көршілерімізбен – Ресеймен де, Қытаймен де әрі Батыспен де ашық, сенімді, тең құқылы, өзара тиімді қарым-қатынас орнату жайын айтып отырмыз.

Біз бұл жағдайда (Украинадағы соғыс – ред) өз ұстанымымызды нақты белгіледік. Ол БҰҰ Жарғысы негізінде мемлекеттердің территориялық тұтастығын құрметтеу қажеттілігі негізін қамтиды. Оның ішінде, әрине, Украинаның да. Біздің ұстаным барлық серіктестеріміз үшін түсінікті. Біз нақтысын айтамыз: ресейшіл де, америкалық да, Қытайды да жақтайтын позицияны ұстанбаймыз деп. Біздің ұстанымымыз – қазақстандық, біздің сыртқы саясатымыздың негізінде ұлттық мүдделер тұр.

DW: Қазақстан Украинадағы жағдайға қатысты өз ұстанымын нақты білдіргендерін айтады. Бірақ біз Ресейдің Украинаға қарсы агрессиясын немесе әскери қылмыстарды нақты айыптауларыңызды естіген емеспіз. Неге?

Р.В: Қазақстан өз ұстанымын нақты айқындап берген. Ол БҰҰ Жарғысы негізінде барлық мемлекеттің, соның ішінде Украинаның территориялық тұтастығын құрметтеу қажеттігі тұрғысынан сипатталады. Қазақстанның 20 миллион халқының 3,5 миллионы – орыс, 250 мыңы – этникалық украин. Сондықтан бізге бұл – өте жақын қақтығыс, трагедиялық соғыс. Сондықтан Қазақстан қантөгісті тоқтатуға және жанжалды реттеуге өз үлесін қосуға бар күшін салып, көмектесуге ұмтылады. Біздің Президентіміз, егер Ресей мен Украина тарапынан сұраныс болса, Қазақстанның делдал, яғни арағайын болуға дайын екен туралы бірнеше рет айтқан болатын.

DW: Бұған дейін осындай, арағайын болу туралы өздеріңізге ұсыныс түспеді ме?

Р.В: Қазіргі уақытта, жоқ, ондай ұсыныс түспеді. Біз бұл бағытта жұмылдырылып жатқан барлық басқа күш-жігерді қолдаймыз. Мәселен, Қытай ұсынған 12 тармақтан тұратын «бейбітшілік жоспарын» қолдадық. Егер қантөгісті тоқтатуға және осы қақтығысты дипломатиялық жолмен реттеуге аталған жоспар немесе халықаралық қоғамдастықтың басқа да салып жатқан күш-жігері ықпал ететін боласа, әрине біз оған қуанамыз. Егер тараптартан өтініш түссе, біз бұл рөлді атқаруға дайынбыз.

DW: Украинада тұратын қазақтар «Мызғымас киіз үй» жобасын жасады. Ол Украинада да, Ресейде де қатты талқыға түсті. Ресми Қазақстанның бұл жобаға қандай да бір қатысы бар ма? Сіз оған қалай қарайсыз?

Р.В: Қазақстан Украинаға гуманитарлық көмек көрсетті, оның ішінде генераторлар, азық-түлік және дәрі-дәрмектер түрінде де. Қазақстан қоғамында бұл тақырып өте белсенді талқыланды және оның ең белсенді өкілдері түрлі акцияларға, соның ішінде гуманитарлық көмек жөнелтуге, Сіз сөз етіп отырған киіз үйлерді орнатуға да қатысты. Қазақтар үшін киіз үй -киелі дүние, бір жағынан, бұл – жылжымалы үй. Сондықтан біздің қоғамда бұл қадамдар өте жақсы қабылданды.

DW: 1 сәуірден бастап Қазақстан Ресейге бағытталған параллель импортқа бақылауды күшейтеді. Неліктен мұндай шара қабылданды? Бұл Ресейдің санкцияларды айналып өтуіне Қазақстанның бұрын көмектесіп келгенін білдіреді ме?

Р.В: Жалпылай алғанда, Қазақстан санкция мемлекеттер арасындағы қайшылықтарды шешудің ең ұтымды тәсілі деп санамайды. Сондықтан да аталған жағдайда біз Ресейге қарсы санкциялар қолданбаймыз. Бірақ, сонымен қатар қазақстандық компанияларға қосарлас санкциялар салыну қауіп-қатерінің болу ықтималын ескере отырып, соңғы жылдар бойында біздің территориямызды санкцияларды айналып өтуде пайдалануға жол бермес үшін шаралар қолданып келеміз. Экспортталатын тауарларды қадағалау жүйесіне келетін болсақ, ол 1 сәуірден бастап Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) шеңберінде енгізілетін болады. Бұған дайындық ұзақ уақытты қамтыды, тіпті ол шиеленіс басталғанға дейін қолға алынған еді. Бұл арада ЕЭО шеңберіндегі тауарлардың қозғалысын неғұрлым нақты қадағалауды көздейтін шаралар жайлы сөз болып отыр.

DW: Қаңтар айының соңынан бастап Қазақстанда шетелдік азаматтардың болу ережелері қатаңдатылды. Бұл мобилизация жарияланғаннан кейін Ресей Федерациясынан қашқан көптеген ресейліктерге әсер етті. Жаңа ережелер бойынша оларға енді елде болу қиындау соғады ма? Бұл оларды бұдан былай Қазақстанда күтпейді дегенді білдіреді ме?

– Жоқ. Қазақстанда Ресей мен ТМД-ның басқа елдерінің азаматтары үшін либералды режим болған. Ол елімізге келушілерге Қазақстанда 90 күн болып, одан кейін, мәселен, жарты сағатқа елден кетіп, қайта оралғанда тағы да кезекті 90 күнге және тағы да шексіз болуға мүмкіндік беріп келген. Қабылданған жаңа шараны Еуропа елдерінде тұратын адамдар оңай түсінетіндей жағдайға келтірілді. Яғни, елімізде алты ай бойында 90 күн болу жайында. Бұл – Шенген аймағындағы секілді жүйе.

Орыстар мен ЕАЭО-ның басқа елдерінің азаматтарына келетін болсақ, олар әлі де Қазақстанға кіріп-шығып жүре алады. Біз шекарамызды жапқан жоқпыз, бірақ Қазақстанда болуды жалғастыру үшін олар осында тұруға рұқсат беретін ықтиярхатты рәсімдеуі тиіс, не болмаса, еңбек келісімшартына отыруы қажет. Қазақстанға келген ресейліктер бұл құжаттарын рәсімдеп, қазір біздің елімізде заңды негізде тұрып, ел экономикасына жұмыс істеп жатыр.

DW: Қазақстанға орыстардың жаппай ағылуы ел үшін қиындық туғызды ма немесе, керісінше мүмкіндік болды ма?

Р.В: Қазіргі уақытта Қазақстанда Ресейдің 100 мыңға жуық азаматы бар. Бастапқыда, олар жаппай ағыла бастағанда, айтарлықтай әсері болды, әсіресе жалға берілетін тұрғын үй нарығы және азық-түлік бағаларының өсіміне әсер етті.  Бірақ, менің ойымша, қазір оның әсері күрт азайды деп айтуға болады.

DW: Гаагадағы Халықаралық сот Владимир Путинді тұтқындауға ордер берді. Қазақстан Рим жарғысын ратификацияламаған. Бірақ Ресей Президентін қазіргі «мәртебесінде» де қабылдауға әлі бейімсіздер ме?

Р.В: Қазақстан Рим Жарғысына қол қоймаған әрі ратификацияламаған, өйткені біздің заңгерлеріміз бұл арада біздің Конституциямызға қайшы келетін тұстар бар деген пікірде. Ресей Федерациясының Президенті Путинмен қарым-қатынасқа келетін болсақ, тәуелсіздік алғалы бері біздің Президент ол кісімен қарым-қатынаста болып келеді, атап айтқанда, өткен жылы да. Қазақстан мен Ресейді әлемдегі ең ұзын – 7 500 шақырымдық шекара байланыстырады. Қазақстандағы орыс қауымы 3,5 миллион адамды құрайды, сонымен бірге миллионға жуық этникалық қазақтар Ресей азаматтары болып табылады. Оның үстіне Ресей Федерациясы – Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі. Сондықтан бұл қарым-қатынас, әрине, болады және жалғаса да береді.

DW:  Қазақстан мұндай көршісінен қорықпайды ма? Бір жағынан Украинада соғыс ашып, тағы бір жағынан Батысқа ядролық қаруымен қоқан-лоқы көрсететін…

Р.В: Қазақстан – көпвекторлы сыртқы саясаттың арқасында әлемнің ешбір елімен жаман қарым-қатынаста болып көрмеген бейбітсүйгіш ел. Әрине, біз бұл қақтығысты тезірек тоқтатуға шын жүректен мүдделіміз және өзімізге сұрау салынуы ықтимал рөлді орындауға дайынбыз. Қазақстан кезінде ядролық арсеналдан, сол кездегі әлемдегі төртінші ірі арсеналдан бас тартты. Біз қақтығыстарды әскери жолмен шешу тұрақты шешім болып табылмайды деп айтудан тартынбаймыз. Біз БҰҰ Жарғысында көрсетілгендей, қақтығыстарды бейбіт жолмен шешуге оралудың маңызын айтудан да жалықпаймыз.

Аударған Кәмшат Тілеуханқызы

Сондай-ақ оқыңыз