Ұлттық экономика министрлігіне 50-ден астам жаңа құзырет берілуі мүмкін. Бұл туралы ҚазАқпарат «Ашық» НҚА порталына сілтеме жасап мәлімдеді.
Көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі туралы Ережеде:
– 3 жылдық кезеңге арналған жалпы сипаттағы трансферттерді айқындау кезінде бюджеттік даму бағдарламалары бойынша шығындардың болжамды көлеміне ұлғайту коэффициентін қолдану тәртібін айқындау;
– нысаналы жарна бойынша шығыстарды жоспарлау және жарнаны салуға бағытталған бюджеттік бағдарламаны қаржыландыру қағидаларын келісу;
– әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына трансферттер беру қағидаларын бекіту;
– Қазақстанның Даму Банкінің қаржылық орнықтылық параметрлерін, олардың шекті мәндерін және есептеу әдістемесін айқындау;
– экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік беру лимитінің сомасын белгілеу;
– арнайы комиссияны қалыптастыру, ол туралы ережені бекіту;
– халықаралық және мемлекеттік ұйымдардың, шетелдік және қазақстандық үкіметтік емес қоғамдық ұйымдардың және гранттар беретін қорлардың тізбесін бекіту;
– табиғи монополиялар салаларында мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру және оны жүзеге асыруды ұйымдастырады;
– Қазақстан Республикасындағы кәсіпкерлік қызметті реттеудің жай-күйі туралы жылдық есепті әзірлеу және бекіту;
– цифрлық майнинг жөніндегі қызметті лицензиялау қағидаларын келісу;
– кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру;
– жұмыскерлердің жылдық орташа санын және жылдық орташа табысты есептеу қағидаларын бекіту;
– жеке кәсіпкерлік субъектілерін дамыту үшін кедергілерді жою мақсатында экономика салаларының жұмыс істеуіне талдау жүргізу;
– Қазақстан аумағын ұйымдастырудың Бас схемасына сәйкес, оңтайлы ауылдық қоныстандыру схемасын бекіту;
– жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңінде және соғыс уақытында ҚР аумағында әскери-көліктік міндет қағидаларын бекіту;
– экономика салаларынан Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, арнаулы мемлекеттік органдардың жұмылдыру қажеттіліктерін айқындау қағидаларын бекіту.
«Жобаны қабылдау Ұлттық экономика министрлігі туралы ережені өзектілендіруге және оны қолданыстағы заңнамаға сәйкестендіруге мүмкіндік береді. Жобаны қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық салдарға әкеп соқтырмайды», – деп түсіндірме берілген қаулы жобасына.