Әлем бойынша топ жарған unicorn 5 стартап

Жарияланды

Фото: shutterstock.com

Қазақта бәйге аттарын құлын кезінен танып жатады. Мұндай нәрсе стартаптарда да бар. Яғни сонау басынан-ақ 1 миллиард доллардан астам инвестиция тартып, құнын қоя білген компанияларды unicorn деп атайды. Ісін жаңа бастағандардың бірден мұндай қатты қарқынмен жұмыс істеуі ертегі секілді көрінуі де мүмкін. Сондықтан болар термин ретінде ертегідегі жалғыз мүйізді жануар атымен атайды. Бүгінгі материалымызда қазіргі таңдағы 5 алпауыт «юникорн» компания жайлы айтамыз.

CB Insights сарапшылары unicorn-дар нарығын үнемі бақылап, тізім жасап отырады. Кезінде бұл қатарда Airbnb, Facebook және Google болған. Ал кейінгі кездері құны қымбат стартаптар әжептәуір өсіп келеді. Мысалы 2023 жылдың наурыз айында әлемде 1200-ден астам юникорн бар деп тіркеліпті.  

TikTok желісі

Атауы: ByteDance
Құны: 225 млрд доллар
Ел: Қытай
Инвесторлар: Bank of America, Bank of China, SIG Asia Investments

ByteDance — көпшілікке белгілі TikTok-тың иесі. Қытайда ол желі Douyin деп аталады. Одан бөлек, компания құрамында Tuotiao жаңалық агрегаторы мен Helo әлеуметтік желісі бар. Бір айлық аудиториясы — 1,5 млрд қолданушы. Қаражат жарнама мен қолданба ішіндегі саудадан түсіп отырады. Негізі 2012 жылдың наурызында қаланған.

SpaceX ғарыш компаниясы

Атауы: SpaceX
Құны: 137 млрд доллар
Ел: АҚШ
Инвесторлар: Bank of America, Founders Fund, Rothenberg Ventures

Илон Масктың ғарыш компаниясы да көпшілікке жақсы таныс. Басты мақсат ретінде ғарышқа ұшу құнын азайтып, Марсты отарлау деп айтады. SpaceX-пен бірлесіп жұмыс істейтін NASA қып-қызыл ғаламшарға 2030 жылдың ортасына қарай ғарышкерлер жіберуді жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, бұл компания ғаламның кез келген жеріне  жылдамдығы жоғары интернет орнатуға арналған Starlink спутник желісін жасаумен айналысады.

Shein интернет ритейлері

Атауы: ZOETOP Limited 
Құны: 100 млрд доллар
Страна: Қытай
Инвесторы: Tiger Global, IDG және Sequoia

Fast fashion бағытындағы қытайлық стартап сән әлеміне бірден «сүңгіп» кетті. Тіпті Zara, Uniqlo секілді бәсекелестерінен асып түседі. Мұнда жейделер мен сөмкелерді 5 долларға табуға болады. Миллиардер Крис Сюй компанияның негізін 2008 жылы қалаған. Араға төрт жыл салып сәнді киімдер сататын онлайн-бизнесін бастаған. Көпшіліктің көңілен шығуына бірден-бір себеп —логистиканың дұрыс ойластырылуы  мен маркетиңді мықтап меңгергені.

Stripe онлайн-төлем жүйесі

Атауы: Stripe
Құны: 50 млрд доллар
Ел: АҚШ
Инвесторлар: Andreessen Horowitz, Baillie Gifford, Founders Fund, General Catalyst, MSD Partners, Thrive Capital, Goldman Sachs Asset and Wealth Management және Temasek

2010 жылы ағайынды Джон және Патрик Коллисондар негізін қалаған компания. Бұрын бұл төлем жүйесі 2 млрд доллар инвестиция тартқан. Ал қазір одан еселеп көбейді. Сервис кәсіпорындарға онлайн-төлем қабылдауға көмектеседі. Сөйтіп әр транзакциядан комиссия ұстап отырады. Серіктестерінің қатарында Zoom, Shopify және Amazon бар. 

Canva графикалық платформасы

Атауы: Canva
Құны: 50 млрд доллар
Ел: АҚШ
Инвесторлар: Matrix Partners, Vayner/RSE, Shasta Ventures, Global Founders Capital және т.б.

Сanva қолданбасы мен сайты арқылы дизайнерлік қабілеті жоқ адамның өзі дизайн жасай алады. Баннер, логотип, әлеуметтік желіге арналған визуал, презентация және т.б. дайын үлгілер бойынша істеуге мүмкіндік береді. Сервистің ақылы да, тегін де түрі бар. Негізін қалаған — Мелани Перкинс. 

Сондай-ақ оқыңыз