Қазақстан мен Әзербайжан тауар айналымын 1 млрд долдарға жеткізуге ниетті

Жарияланды

Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тауар айналымы 1 млрд долларға жететініне сенімді. Бұл жайында мемлекет басшысы қос ел Президенттерінің кеңейтілген құрамда жүргізген келіссөзі барысында айтқан.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту үшін Әзербайжан Президентінің бұл сапарының маңызы зор деп атап өтті.

«Біз былтыр Стратегиялық қатынастарды нығайту және одақтастық ынтымақтастықты тереңдету туралы декларацияға, сондай-ақ Ынтымақтастықты дамытудың 2026 жылға дейінгі кешенді бағдарламасына қол қойдық. Бүгін тағы бірқатар маңызды құжат қабылданады. Сонымен қатар Сіздің бүгінгі сапарыңыз аясында ынтымақтастығымыздың саяси тұғырнамасына тың серпін беретін Жоғары мемлекетаралық кеңес құрамыз. Бұл екіжақты қатынастарға тың серпін беретіні сөзсіз», – деді Президент.

Қазіргі кезде екі ел арасындағы тауар айналымы 40 пайызға артып, жарты миллиард долларға жеткен.

«Экономикалық әлеуетіміз толық пайдалана отырып, бұл көрсеткішті 1 миллиард долларға дейін жеткізетінімізге сенімдімін. Бұл үшін бізде энергетика, көлік, логистика, IT, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және тағы басқа салаларда айтарлықтар резервтер бар», – деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Ильхам Әлиев мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасы нығайып келе жатқанын атап өтіп, оның негізі – гуманитарлық сала деді.

«Халықтарымыздың арасындағы байланыстың тарихы терең әрі біз әрдайым бір-бірімізге бауыр ретінде қараймыз. Бүгін осы берік іргетастың негізінде келешегімізді бірге құрып жатырмыз. Біз бұған дейін талқылаған ынтымақтастықтың барлық саласының әлеуеті мол. Гуманитарлық саладағы ынтымақтастықтың айрықша маңызды екенін айта кеткім келеді. Қазақстанның Әзербайжандағы, сондай-ақ Әзербайжанның Қазақстандағы мәдениет күндерінің ұйымдастырылуы елдерімізді одан әрі жақындата түсіп, халықтарымыздың терең тарихы мен бай мәдениетін паш етеді. Біздің ойымызша, мемлекетаралық қарым-қатынасымыздың негізі – осы гуманитарлық сала. Әрине, екі тараптың да мүддесіне сай салалар аз емес. Біз, шын мәнінде, өзара ынтымақтастық пен одақтастықтың жаңа деңгейіне көтеріліп жатырмыз», – деді Әзербайжан Президенті.

Бұған дейін қос мемлекет басшылары шағын құрамда келіссөз жүргізген болатын.

Сондай-ақ оқыңыз