Биыл үкіметтік қарызды өтеуге қосымша 83 млрд 707,5 млн бөлінеді. Қаржы министрлігі 2023 жылға Азаматтық бюджет бойынша нақтыланған жобаны жария етті.
2023 жылдың түзетілген бюджет жобасында үкіметтік қарыздарға қызмет көрсетуге әу баста 1 трлн 759 млрд 17,7 млн теңге қарастырылған болатын. Кейін бұл сома 83 млрд 707,5 млн теңгеге ұлғайтылған. Осылайша, биыл үкіметтік қарызды өтеуге бөлінетін сома 1 трлн 842 млрд 725,2 млн теңгені құрап отыр.
Қаржы министрлігі бұл құжатта үкіметтің қарызын өтеуге 2021 жылдан бері қанша бөлініп келе жатқанын да көрсеткен. Оған сәйкес, бюджеттің бұл шығыны ұдайы өсіп отырғанын және алдағы екі жылда да өсетінін байқауға болады.
Айталық, 2021 жылы үкіметтің қарызын өтеуге бюджеттен 977 млрд 714,7 млн теңге бөлінсе, 2022 жылы шығын 1 трлн 297 млрд 405,8 млн теңгені құраған. Биылғы қарастырылған қаржы 1,8 трлн теңге айналасында. 2024 жылы 1 трлн 965 млрд 417,7 млн теңге, 2025 жылы 2 трлн 164 млрд 811,2 млн теңге бөлінетіні көрсетілген, құжатта.
Құжатқа сәйкес, Үкіметтің резеві 249 млрд 167,9 млн теңгені құрап отыр. Айта кету керек, банк секторындағы өтімділікті сақтау үшін «Проблемалы несиелер қоры» АҚ-на 158 млрд 702,4 млн теңге бөлінбек.
Биыл Республикалық бюджеттің шығысы 22,5 трлн теңге көлемінде жоспарланып отыр. Жалпы шығыстың қосымша ұлғаюы 2,2 трлн теңгені құрамақ.