Әлемде пандемия салдарынан экономикасын түзей алмай жатқан елдер көп

Жарияланды

Фото: shutterstock.com

Халықаралық валюта қорының сарапшылары зерттеу жүргізіп, пандемиядан кейін өсіп жатқан мемлекеттік қарыздан құтылудың жолдарын ұсынған.

Мамандардың пікірінше, бюджет саясатын уақтылы қатаңдату қарыздан құтылуға көмектеседі, алайда қарызы көп елдер үшін кешенді тәсілдер қолдану қажет. Пандемия кезінде мемлекеттік қарыз рекордтық деңгейге жетіп, әлемдік жалпы ішкі өнім көрсеткішінен де асып түскен. Оған қоса АҚШ долларының қымбаттауы жығылғанға жұдырық болып, бұл елдердің шығынын көбейтіп жатыр.

«Соңғы жиырма жылдағы деректерді пайдалана отырып, біз мемлекеттік шығындарды ЖІӨ-нің 0,4 пайыздық тармағынан қысқарту бірінші жылы қарыз коэффициентін 0,7 пайыздық тармаққа төмендетуі мүмкін екенін, ал бес жылда 2,1 пайыздық тармаққа жеткізуге блатынын анықтадық», дейді сарапшылар.

Дегенмен, мұндай түзетулер оның қай кезеңде енгізілуіне тікелей байланысты. Егер түзетулер ұлттық және жаһандық экономиканы қалпына келтіру кезеңдерінде немесе қаржылық оңтайлы жағдайлар тұсында қолға алынса, көрсеткіштер төрттен үш бөлікке дейін артуы мүмкін екен.

Сонымен бірге экономикасы дамыған елдерде кіріс көлемін арттырудан бұрын, шығыстарды қысқарту қарызды азайтуға оң әсер етеді. Куатты институционалдық негіздерге сүйене отырып құрылымдық реформалар жасау да табысқа жету мүмкіндігін арттырады.

Бюджет саясатын қатайтудың кей елдерде нәтиже бермеуінің бірінші себебі – фискалдық консолидация ЖІӨ өсімін бәсеңдетуге бейім. Екіншіден, валюта бағамының ауытқуы және мемлекеттік кәсіпорындарға аударымдарды арттыру қарызды қысқарту әрекеттерін жоққа шығаруы мүмкін.

Мұндай қысқартылған транзакциялар бастапқы баланстың жақсаруына қарамастан, қарызды көбейтуі мүмкін. Оған 2016 жылы Мексикадағы мемлекеттік кәсіпорындарға үкіметтің жоспардан тыс аударымдары және Грекия үкіметінің берешек өтеу жағдайы мысал бола алады.
Мұқият ойластырылған бюджет саясаты мен құрылымдық реформалар қарыздық коэффициенттерді төмендетуге көмектесетіні анық. Бірақ бұл қарыз дағдарысына ұшыраған немесе кредит тәуекелдері жоғары елдер үшін жеткіліксіз болуы мүмкін. Мұндай жағдайларда қарызды қайта құрылымдап, несие шарттарын қайта қарау қажет болады. Қайта құрылымдау әдетте соңғы шешім. Бұл күрделі процесс, ол отандық және шетелдік кредиторлардың келісімін талап етеді.

«2008 жылы жаһандық қаржы дағдарысы кезінде Сейшель аралдарының 180 пайыздан астам қарызы болған. Париж клубының ресми кредиторларымен, жеке сыртқы кредиторлармен қарызды қайта құрылымдаудан кейін, қарыздың номиналды құны айтарлықтай төмендеді. Нәтижесінде көрсеткіштер 2010 жылы 84 пайызға дейін күрт төмендеген. Сабырлы салық-бюджет саясатының және ЖІӨ-нің күшті өсуінің арқасында ел қарыздық мөлшерлеменің бұл төмендеуін сақтай алды», дейді сарапшылар.

ХВҚ бұған дейін Алдағы бес жылда жаһандық экономикалық өсім 3% деңгейінде қалады деп мәлімдеген еді. Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристалина Георгиеваның айтуынша, еңбек нарығының орнықтылығына және көптеген дамыған елдердегі тұтынушылық шығынның артуына, сондай-ақ Қытайдың шекарасын ашқаннан кейін пайда болған ықтимал өсімге қарамастан биыл жаһандық өсімнің 3 пайыздан аса қоюы екіталай.

Оған қоса «2023 жыл жаһандық экономика үшін қиын жыл болады» деп болжайды.

«Жаһандық экономика біраз уақыттан бері турбулентті аймақта. Бір күйзелістен, екіншісіне тап болып жатыр. Біз 2023 жылды тағы бір қиын жыл болады деп күтеміз», – деді ХВҚ басшысы.

Сондай-ақ оқыңыз