Жаңалықтар

ҚМГ өкілдері жаңаөзендік мұнайшылармен келісімге келе алмады

Фото: ҚМГ

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ аппаратының басшысы Ерхан Омаров бастаған байланыс тобының мамандары Жаңаөзеннен Астанаға келген мұнайшылармен келіссөз жүргізген. Алайда келіссөз нәтижесіз болған.

ҚМГ таратқан ақпаратқа сәйкес, келіссөзге «БерӘлі Маңғыстау Company» ЖШС және «Ai-Bis» ЖШС (тендерде жеңіске жеткен компания) басшылығы да қатысқан. Жұмысшыларға жалақыларын сақтай отырып, «Ai-Bis» ЖШС және «Кезби» ЖШС компанияларына жұмысқа орналастыру ұсынылған.

«Жұмысшылар басқа компанияға ауысқан кезде олардың бұрынғы еңбек жағдайы, соның ішінде жалақы мөлшері мен әлеуметтік пакеті сақталуы керек. Тендер қорытындысы бойынша «Өзенмұнайгаз» АҚ мердігері атанған компанияға осындай міндет қойып отырмыз. Алайда, құқықтық рәсімдерге сай әрекет ету керек, жұмысшылар мұны түсінуі қажет», – деп атап өткен Ерхан Омаров келіссөз барысында.

Ал Энергетика министрлігі бұл мәселе еңбек заңнамасы мен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ сатып алу қағидарын ескере отырып, заңнамалық негізде шешілуі тиіс деп санайды.

Алайда жаңаөзендіктер ұсынылған жұмыс орындарынан бас тартқан.

10 сәуірде Жаңаөзеннен келген 100-ге тарта жұмысшы ҚР Энергетика министрлігі ғимаратының алдына жиналғанын болатын. Жиналғандар «ӨзенМұнайгазға» сервистік қызмет көрсететін «БерӘлі Маңғыстау Company» компаниясының бұрынғы қызметкерлері. Олардың айтуынша, 1 сәуірдер бері «БерӘлі Маңғыстау Company» компаниясымен еңбек келісім-шарты тоқтаған. Себебі аталмыш компания тендерден жеңіліп, салдарынан жүздеген адам жұмыссыз қалған. Мұнайшылардың талабы – лайықты жалақы, әлеуметтік пакет сақталатын тұрақты жұмыс.

«Азаттық» радиосы таратқан тікелей эфирде «ҚазМұнайГаз» өкілдерімен келіссөзге мұнайшылар тарабынан қатысқандардың бірі Жолмұрат Лұқпан еңбек дауымен жүргендерін айтты.

«ҚМГ өкілдері мұнайшыларды тендерді бірінші турдан «Кезби» мекемесі, ұтып алса, екінші турдан «Ai-Bis» мекемесі ұтып алды, соларға бөлініп жұмысқа баруымызды сұрап отыр. Былай айтқанда, мен 150 адам қамтамасыз ете аламын, қалған 90 адамды «Кезбиге» барасыздар дейді. Бұған біздің жұмысшылар бірауыздан қарсы», -деді ол.

Мұнайшылар жұмыс ауқымы тендерге байлаулы ЖШС-лардан емес, тұрақты жұмыс бере алатын компаниялардан жұмыс тауып берсе дейді.

Алайда ҚМГ Жаңаөзенде өзге де жұмыссыздар жұмыс күтіп кезекте тұрғандықтан, олардың талабын орындау мүмкін емес деп мәлімдеді.

Бүгін Үкімет кулуарында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Жаңаөзеннен елордаға келген мұнайшылармен міндетті түрде кездесетінін айтты.

«Алдымен мәселенің қайдан шыққанын және олардың түпкілікті позициясын түсінгіміз келеді. Мұның қандай деңгейде шешілетінін түсінуіміз керек. Егер мәселе министр немесе Үкімет деңгейінде шешілетін болса, диалог орнатылады. Диалогты жалғастыру, қызметкерлермен келіссөз жүргізу керек екенін көріп отырмын. Егер менің мұнайшыларменк кездесуім қажет болса, міндетті түрде шығамын», – деді энергетика министрі.

Келіссөздер алдағы уақытта жалғасады.