Жаңаөзендіктердің талабын орындау мүмкін емес – ҚМГ

Жарияланды
забастовка
Фото: Shutterstock

Дүйсенбі күні кешке Энергетика министрлігі ғимаратының алдына жұмыссыз қалған жаңаөзендіктер жиналды. Олардың талабы – ҚМГ-нің еншілес компаниясы «Өзенмұнайгаз» штатына жұмысқа орналастыру. Алайда ҚМГ Жаңаөзенде өзге де жұмыссыздар жұмыс күтіп кезекте тұрғандықтан, олардың талабын орындау мүмкін емес деп мәлімдеді.

Компания таратқан ақпаратқа сәйкес, жиналғандар «Өзенмұнайгаз» АҚ үшін мұнай сервис қызметтерін көрсететін тендерден қағылған «БерӘлі Маңғыстау Company» компаниясының бұрынғы қызметкерлері екен,

Бұған дейін оларға орташа есеппен 700 мың теңге еңбекақысын сақтай отырып, басқа компанияға жұмысқа орналасу ұсынылған. Алайда, «БерӘлі Маңғыстау Company» компаниясының бұрынғы қызметкерлері тендер нәтижелерін жоюды талап етіп, бұл ұсыныстан бас тартқан.

Қазіргі уақытта ереуілге шыққандардың қалауы өзгеріп, «Өзенмұнайгаз» АҚ штатына жұмысқа орналасуды үзілді-кесілді талап етіп отыр.

«Алайда, бұл Жаңаөзендегі жұмыссыздарды кезек бойынша аталған мекемеге жұмысқа орналастыру тәртібіне қайшы келеді. Бұл ережелердің моноқала тұрғындарының талабына сай, жұмыс орындарын әділ бөлу үшін қабылданғанын айта кету керек.Осылайша, елордаға келгендердің талаптарын қабылданған құқықтық рәсімдерге қайшы болуына байланысты орындау мүмкін емес», делінген ресми хабарламада.

ҚМГ-де елордаға келген жұмысшылармен келіссөз жүргізу үшін арнайы байланыс тобы құрылған.

Сондай-ақ оқыңыз