ҚТЖ шаттл-пойыздары Қытайдан Түркияға гуманитарлық жүк жеткізеді

Жарияланды

Фото: Shutterstock
Қазақстан арқылы Қытайдан Түркияға шаттл-пойыздармен 200 контейнерден тұратын гуманитарлық жүк жеткізіледі. Ал Қазақстан аумағын рекордтық қысқа мерзімде, яғни 90 сағатта кесіп өтеді, деп хабарлайды «Қазақстан темір жолы» ҰК» баспасөз қызметі.

Түркия еліне жеткізілетін көмекті Қазақстан арқылы өткізу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ұйымдастырылған. Бірінші пойызда жер сілкінісінен зардап шеккен адамдарды уақытша орналастыруға арналған шатырлары бар. Бұдан өзге 150 контейнер жөнелту жоспарланған. Бұл жүктерді «KTZ Express» АҚ шаттл-пойыздарының операторы тасымалдайды.
«Шаттл-сервистің пайда болуымен ҚХР-дан Грузия порттарына дейін жүктерді жеткізу мерзімі үш есеге – 18 тәулікке дейін, Түркия порттарына – 25 тәулікке дейін қысқарды. Қазақстан аумағы арқылы жүк Каспий теңізіне, Ақтау портына, одан әрі Әзірбайжан мен Грузияға, содан кейін Түркияның Мерсин қаласына дейін жеткізіледі», делінген хабарламда.

Бұл тасымалдау Түркияға гуманитарлық көмек көрсету шеңберінде Транскаспий халықаралық көлік бағыты маршрутына қатысушы елдер тарапынан тегін жүзеге асырылады.

Сондай-ақ оқыңыз