«ҚазАтомӨнеркәсіп» Қытай арқылы жаңа экспорт бағытын ашуды жоспарлап отыр

Жарияланды
Фото: Kursiv.media

«ҚазАтомӨнеркәсіп» биыл үшінші экспорт бағытын ашуды жоспарлап отыр. Қытай порттарының бірі арқылы қазақстандық уранды жөнелту қолға алынбақ. Қазіргі уақытта екі экспорттық бағыт арқылы өнім жөнелтілуде, оның бірі Ресей, екіншісі Каспий теңізі арқылы Қара теңізге жеткізу жолы. Бұл туралы Bloomberg агенттігіне сұхбат берген «ҚазАтомӨнеркәсіп» басшысы Ержан Мұқанов мәлім етті.

Оның дерегінше Қазақстан уранына Шығыс Еуропа өндірушілері тарапынан сұраныс артып келеді. Сондықтан, «ҚазАтомӨнеркәсіп» мүмкіндігінше қор әзірлеп жатыр. Өйткені, еуропалық компаниялар ресейлік өнімге тәуелділікті қысқартуға ниетті.

Ержан Мұқановтың дерегінше, Ресейден байытылған уран алып келген Шығыс Еуропадағы кейбір электрстанциялар 2025 жылдан бастап жасасатын жаңа келісім шарттарды іздестіріп жатыр. Оның айтуынша геосаяси жағдайдың бұлыңғыр болуы ябролық отын жеткізу жолдарына өзгеріс енгізуде, кейбір энергокомпаниялар өз қорларын молайтуға ұмтылып отыр.

«Біз өз қорларымызды өндіруге әзірлеп жатырмыз, сондықтан нарықтың сұранысына сай әрекет ете аламыз», деді Мұқанов.

Осыған дейін байытылған уранды әлем елдеріне жеткізуде Ресей маңызды орын алып келген еді. Оның Украинаға басқыншылығынан кейін де ресейлік уран импортынан бірден бас тарту оңай бола қойған жоқ. Бұл өз кезегінде Кремльдің табысын арттырып, әлемдегі сатып алушылардың жаңа буынына ықпал етуіне мүмкіндік беріп келді.

2030 жылға қарай уранға деген сұраныс үш есеге өсуі ықтимал. Бұл туралы реакторлардың қуаты 16%-ке өседі деген болжаммен Бүкіләлемдік ядролық қауымдастық мәлім еткен болатын. Қазақстан әлемдегі уранның 40% дан астамын өндіреді. Биыл да өндірісті тұрақты, 22 000 тонна көлемінде сақтап тұруды жоспарлап отыр.

«Уранға деген сұраныс артады деп болжап отырмыз, алайда бағаның шарықтап кетуіне мүдделі емеспіз», деді Мұқанов.

Бас директордың айтуынша «ҚазАтомӨнеркәсіп» биыл үшінші экспорт бағытын ашуды жоспарлап отыр. Қазақстан ураны Қытай порттарының бірі арқылы тасымалданбақ.

Мукановтың сөзінше, Қытай тарапынпан сұраныс артып келеді. Өйткені бұл ел жаңа атом электр станциясын салуды және уран қорын ұлғайтуды көздеп отыр.  Оның сөзінше, Қытайдың мақсаты «тоқтаусыз ұзақ мерзімді жеткізу» тізбегін қамтамасыз ету.

Бұған дейін, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ Румынияның Societatea Natională «Nuclearelectrica» S.A. («SNN») энергия компаниясына табиғи уран концентраттарын жеткізу сәтті жүзеге асқанын хабарлаған болатын. Акциялары Лондон және Қазақстан қор биржасында саудаланатын компанияның бағалы қағаздары да өсім көрсетіп келеді.

Сондай-ақ оқыңыз