Фото: Айнаш Қойшыбаева
15 сәуірден бастап Қазақстан аумағындағы киіктердің санын анықтау мақсатында әуе санағы жүргізіледі. 2022 жылғы санақ нәтижесі бойынша еліміздегі киік саны 1,3 млн басты құрайды.
«Киіктерді санауға «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің аумақтық инспекция қызметкерлері, сонымен қатар Қазақстандағы биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының ғылыми мамандары жұмылдырылған», дейді Экология министрлігі
Санақ тобы екіге бөлінген – бірі бетпақдала популяциясында, екіншісі – Орал және Үстірт популяцияларында санақ жүргізіеді.
Сонымен қатар, Эконлогия және табиғи ресурстар министрлігі БҰҰ «Алтын Дала» табиғатты қорғау бастамасы жайлы фильм жарыққа шығарғанын хабарлады.
«Алтын Дала» табиғатты қорғау бастамасы (АДТБ) қалпына келтірудің әлемдік флагманы мәртебесіне ие болуына орай шығарылды. Оған өткен жылдың желтоқсан айында Біріккен Ұлттар Ұйымының айналадағы орта жөніндегі бағдарламасы (ЮНЕП) және азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымы (ФАО) экожүйелер мен биоалуантүрлілікті қалпына келтіру мен сақтау жолындағы ең сәтті он бағдарламаның бірі атағын берген.
«Алтын Дала» бастамасы 2006 жылдан бері ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті, АСБК, Франкфурт зоологиялық қоғамы (FZS), Fauna & Flora (FFI) халықаралық ұйымы, Құстарды қорғау корольдік қоғамы (RSPB) арасындағы серіктестік аясында жүзеге асуда. Оның мақсаты – жануарлардың негізгі түрлерін, далалы және шөлейтті экожүйелерді сақтау және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар желісін жетілдіру. Бастаманың басты «жалауы» – ақбөкен, оның саны браконьерлікке байланысты шектен тыс төмен деңгейде болатын.
БҰҰ Қоршаған ортаны қорғау бағдарламасының атқарушы директоры Ингер Андерсен:
«Ақбөкеннің оралуы – табиғатты қорғау жолындағы әлем тарихының ең үздік жетістіктерінің бірі. Бұл күйзелген экожүйелерді қалпына келтіруді қолға алған адамзаттың батыл шаралары мен іс-әрекетінің жарқын үлгісі», – деп атап өтті.
Еске сала кетейік, былтыр еліміздің батыс облысындағы фермерлер «киіктер егінімізді таптап, шөбімізді жеп қойды» деп шағымданған еді. Сол шағымнан кейін, Экология 80 мың киікті азайту туралы Үкіметке ұсыныспен шықты. Алайда, көпшілік киікті атуға қарсы шықты. Бүкіл әлеуметтік желі парақшалары қарсылық акцияларына толып, қоғам белсенділері дау тудырды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 80 мың киікті ату туралы министрлік бастамасын қатаң сынға алып, осы үшін министрге сөгіс те берген болатын.