Бағаны негізсіз көтерген компаниялар белгілі болды

Жарияланды

Фото: www.shutterstock.com

ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Алматы қаласы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен таныстырды. Департамент тексеру барысында елімізде әртүрлі өнім мен қызмет түрлеріне бағаны негізсіз көтерген компанияларды анықтаған.

2022 жылы департамент Алматы қаласының тауар нарықтарындағы мұнай өнімдерін, көмірді, электр энергиясын, сонымен бірге сүт, қант, күнбағыс майы, ас тұзы сынды азық-түлік өнімдерін бөлшек саудада өткізудің бәсекелестік жағдайына 33 талдау жасаған. Сонымен бірге ТҚҚ, такси ақпараты және диспетчерлік қызметтер, сымды интернет және т.б. қызмет түрлеріне анализ жасаған. Талдау барысында үстемдік танытқан монополист компанияларға 37 хабарлама, 17 нұсқама және 21 тексеру шаралары жүргізілген.

«Ведомство қорытындысы негізінде «Petrosun» ЖШС-нің сұйылтылған газ өнімдерін сату кезінде монополиялық жоғары бағалар қою фактілері анықталды. 2021 жылдың қыркүйек-қараша айлары аралығында сұйылтылған газдың көтерме бағасы уәкілетті орган бекіткен шекті бағадан 300%-ға артып, тоннасына 183 мың теңгені құрады. Мұндай өсім «Petrosun» ЖШС-нің биржалық сауда-саттық барысында объективті дәлелді себептерсіз тауар бағасын үздіксіз өсіргені нәтижесінде болған. Қабылданған шаралардың қорытындысы бойынша мемлекетке 2,2 миллиард теңгеден астам шығын өтелді. Монополияға қарсы органның қорытындысы бойынша бұл компания 600 миллион теңгеден астам сомаға әкімшілік жауапкершілікке тартылды», дейді Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменттінің басшысы Нұржан Ұранхаев.

Сонымен қатар сұйылтылған мұнай газы бағасының негізсіз өсуіне өз кезегінде «Товарная биржа ЕТС» биржалық компаниясы да себеп болған. Бұл компания Ақтөбемұнайгаз зауытынан жекізілетін газдың шекті бағасын 43 345,87 теңге көлемінде бекітуі тиіс еді. Алайда бұл биржа 8 электронды сауда алаңында сұйылтылған мұнай газына 70 345,87 теңгеден 106 000 теңгеге дейінгі диапазондағы базалық бағалар белгілеген. Нәтижесінде базалық бағалардың заңсыз көтерілуі сұйылтылған газ бағасының негізсіз өсуіне әкелген. Биржаның бұл әрекеті 396 млн теңгеге залал тигізген. Қазіргі таңда бұл іс бойынша сот процесі жүріп жатыр.

Департамент сонымен бірге дәрі-дәрмек бағасына зерттеу жүргізіп, «СК Фармациядан» өнім сатып алу кезінде «КазБелМедФарм» ЖШС мен «MEDIX» ЖШС-не қатысты өзара сөз байласу фактілерін анықтаған. Яғни аукционда «КазБелМедФарм» ЖШС тапсырыс берушінің бағасы деңгейінде баға ұсынып ешқандай бәсекесіз жеңімпаз атанған. Сатып алуға бөлінген жалпы сома 9 миллиард теңгеден асқан. Тергеу барысында мемлекеттік сатып алуға қатысты заңнаманы бұзған басқа да жағдайлар анықталып, сот бұл іске қатысты департаменттің қорытындысын заңды және негізді деп таныған.

Сондай-ақ бағаны негізсіз көтерген кейбір компаниялар ескерту алған. Мәселен, балама шарттарға әртүрлі бағаларды негізсіз қолданғаны үшін «Сахар Пром Қазақстан» ЖШС-не, кей компаниялардың нарыққа шығуына кедергі келтірген «СК Номад иншуранс» компаниясына және өз қызметін заңсыз міндеттеген «АлЭС» акционерлік ұйымына екерту берілген.

Бағаларды негізсіз көтерген компаниялар қатарында «Эйр Астана» мен «Қазақ Эйр» компаниялары бар. Олар кәмелетке толмаған жолаушыларды тасымалдауда өзара келісіп қымбат баға қойған. Тексеру жұмыстарынан кейін мұндай билет бағалары 10 және 20%-ға төмендеген. Сонымен қатар аваикомпаниялар болашақта жанармай бағасының өсуі кезінде шығынға ұшырамас үшін жанармайға қосымша құн қосады. Алайда «Эйр Асатана» жанармай бағасының қанша болатынын біле тұра, яғни шығын болмаса да, мерзімі жақын билеттерге де жанармайдың қосымша құнын қосып отырған. Бүгінгі күні осы мәселеге қатысты сот үрдісі жүріп жатыр.

Сонымен бірге қаржылық ұйымдардың да жұмысы тексерілген.

«Монополияға қарсы органмен келісілмеген қызметті тоқтату қажеттігі туралы «Алматы Финанс» ЖШС, «Алматы микроқаржы ұйымы» ЖШС, «Инфрақұрылымдық оператор IZA» ЖШС-не 3 нұсқама берілді. Тапсырмаларды орындау қорытындысы бойынша жоғарыда аталған мемлекеттік кәсіпорындар заңнамаға сәйкес келмейтін қызметті жүзеге асыруды тоқтатты», дейді Нұржан Ұранхаев.

Сонымен қатар департамент өкілі «Яндекс» таксидің монополистік әрекеттеріне қатысты да тексеру жүргізіліп жатқанын айтты.

Сондай-ақ оқыңыз