«Денсаулығым нашарлап барады» – экс-министр өзін үйқамаққа жіберуді сұрады

Жарияланды
Экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлы өзін үйқамаққа жіберуді сұрады
Фото: Айгерім Қыдырбаева

Астанадағы Байқоңыр ауданының сотында өтіп жатқан іс барысында экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлы өзін үйқамаққа жіберуді сұрады. Ал, айыпталушының адвокаты Мұстақым Төлеев экс-министрді үйқамаққа жіберуді, сондай-ақ қылмыстық істі тоқтатуды сұрады.
Бұрынғы министр адвокатының өтінішін қолдады.

«Қамауда ұстау түріндегі бұлтарпау шарасын үйқамаққа ауыстыруды сұраймыз. Себебі бірнеше күн бұрын маған екінші операция жасалды. Денсаулығым күн сайын нашарлап жатыр. Сондықтан үйқамаққа жіберу дұрыс болады деп санаймын. Адвокаттар айтқандай, бұл – ойдан шығарылған іс, ештеңе дәлелденбеген. Бірде-бір факт жоқ, бірақ біз мына жерде отырмыз», – деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Сондай-ақ ол бұл заңсыздықты әрі істі тоқтатуды сұрады. Ал, осы іс бойынша айыпталушылардың бірі Азамат Көшенов сотқа Тұңғышбай Жаманқұловты куәгер ретінде шақыруды сұрады.
Арыстанбек Мұхамедиұлының адвокаты Мұстақым Төлеевтің айтуынша экс-министрдің үстінен арызды Тұңғышбай Жаманқұловтың жазған.

«Тұңғышбай Жаманқұлов көпе-көрнеу жалған ақпарат таратып, менің қорғауымдағы Арыстанбек Мұхамедиұлынан кек алу мақсатында прокуратураға арызданған. Ол жалған деректерді алға тартқан. Соның негізінде заңсыз қылмыстық іс қозғалған», – деді адвокат Төлеев.

Айта кетейік, Астанада экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты сот процесі басталды. Сотқа экс-министр онлайн қатысып отыр. Істі Байқоңыр ауданы сотының қылмыстық істер жөніндегі судьясы Бағлан Ыдырысов қарайды.
Іс бойынша 4 сотталушы бар: Арыстанбек Мұхамедиұлы, Азамат Көшенов, Алмаз Нұрасхан және Айым Садвакасова.
Айта кетейік, 2022 жылғы 28 мамырда сот санкциясымен Ұлттық музейдің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы қамауға алынды. Ол бюджет ақшасын жымқырды деген күдікке ілінді.
Арыстанбек Мұхамедиұлы 2019 жылғы шілдеде музей директоры болды. Оған дейін 5 жыл Мәдениет және спорт министрлігін басқарған.

Сондай-ақ оқыңыз