Армения мен Әзербайжан бір-бірінің аумақтық тұтастығын мойындаған жағдайда бейбіт келісімге келуі мүмкін. Бұл туралы ҚазАқпарат Армения Премьер-министрі Никол Пашинянның мәлімдемесіне сілтеме жасап хабарлады.
«Егер екі ел екіұшты және құйтырқы ойсыз бір-бірінің аумақтық тұтастығын мойындап, бүгін де, кейін де аумаққа қатысты наразы болмайтынына міндеттелсе Армения мен Әзербайжан бейбіт келісімге қол жеткізуі мүмкін. Қазір мен Армения Республикасы Әзербайжанның аумақтық тұтастығын толық мойындайтынын растағым келеді және Әзербайжан да Армян КСР аумағын Армения Республикасына тиесілі деп мойындағанын күтеміз», – деді Никол Пашинян 2022 жылғы Ел үкіметінің есебін ұсына отырып.
Оның сөзінше, факт жүзінде тараптар бұл туралы 2022 жылдың 6 қазанында Прагада және 2022 жылдың 31 қазанында Сочиде келісіп, келісім жария мәлімдемеде тіркелген болатын.
«Соған қарамастан Ереваннан да, Бакуден де қарсы тарапты келісімді орындамады деп айыптайтын ресми мәлімдеме жасалды. Сондай-ақ Армения бейбіт келісім кезінде Әзербайжанның аумақтық тұтастығын мойындаудан бас тартты немесе бас тартады деген пікірлер – жалған, біз оны дәлелдей аламыз. Біз өзіміз бейбітшілік туралы келісімге екі елдің аумақтық тұтастығын мойындау негізі ретінде КСРО дайындап, бекіткен Армян мен Әзербайжан КСР картасын енгізуді ұсынғанбыз», – деді Никол Пашинян.