Дүниежүзілік банк: COVID-19 жастарды «жоғалған ұрпаққа» айналдыра ма?

Жарияланды

Фото: .kursiv.media

2050 жылы еңбекке қабілетті халықтың негізгі категориясының 90 пайызын қазіргі 25 жасқа толмаған азаматтар құрайды.

Пандемия бүгіннің тұнығын шайқау арқылы келешектің де табысы мен даму перспективасына қол салды. Бір қарағанда екпіні басылып, беті қайтқан секілді көрінген індет іргемізден әлі аулақ кетпегендей. Тоқырап қалған логистика, тоқтап қалған өндіріс, тосылған экономикалық өсім бізге әлі зардабын тарттырады ақ. Өйткені бүтін экономиканың қалпына келуі оңай шаруа емес.

Әлемдік экономика мен қаржы айналымын кірпік қақпай қадағалайтын Дүниежүзілік банк пандемия адам капиталына да аса ауыр соққы жасады деп есептейді. Банк мамандарының пайымдауынша, бұл соққы адам өмірінің аса маңызды сәтіне тұспа-тұс келіп, табыс деңгейі төмен және орта елдердегі миллиондаған адамдар мен балаларды қалыпты даму мүмкіндігінен айырды. Бұған пандемия басталған сәтте жасы 25-ке де жетпеген жас адамдар туралы жасалған жаһандық талдаудың алғашқы нәтижесі дәлел.

Дүниежүзілік банктің «Құлдырау және қалпына келу: COVID-19 пандемиясы адам капиталын қалай жұтап тастады және ойсыраған орынды толтыру үшін не істеу керек» деп аталатын баяндамасында жаһандық талдау қорытындысын жариялайды. Талдау мектепке дейінгі (0-5 жас), мектеп жасындағы (6-14) және жастар (15-24) тобына жасалған. Оның қорытындысы бойынша пандемия салдарынан қазір білім алып жатқан жастар өздерінің келешектегі табысының 10 пайызынан айырылуы ықтимал. Ал қазіргі сәбилердің танымдық қабілеттерінің жетіспеушілігі бұл балалар ересек болған кезде олардың болашақ табысының 25 пайызға төмендеуіне әкелуі мүмкін.

Адами капитал (білім, қабілет және денсаулық) адам бойында жылдар бойы жинақталады және бала потенциалын ашудың кепілі болады. Соның арқасында елдер өзінің орнықты қалпына келуін жасап, келешектегі сенімді өсімге жол ашады. Бірақ пандемия мектептер мен жұмыс орындарын жауып, халыққа қызмет көрсететін маңызды функцияға ие жүйелерге (ана мен баланың денсаулығын сақтау, кадрларды даярлау жүйесі) зиянын тигізді.

«Локдаунға байланысты мектептердің жабылуы, сондай-ақ пандемия кезіндегі қызмет көрсетудегі үзілістер бірнеше ондаған жылдар ішінде адами капиталды қалыптастыруда қол жеткізілген жетістіктерді жою қаупін төндірді. Ұрпақ аралық дамуға нұқсан келтірмеу үшін негізгі білім берудегі олқылықтың орнын толтыру, қоғамдық денсаулықты қалпына келтіру және біліктілік жетіспеушілігін жою үшін мақсатты саясат қажет. Елдер өз азаматтарының денсаулық жағдайындағы күйзелістерден, қақтығыстардан, экономиканың баяулауынан және климаттың өзгеруінен болатын көптеген қауіп-қатерлерге төзімді болуына көмектесу үшін адам капиталын қалыптастыруға инвестицияларды ұлғайту бағытын белгілеуі керек және тезірек және инклюзивті өсу үшін берік негіз қалыптастырғаны жөн», дейді Дүниежүзілік банк президенті Дэвид Малпасс.

Көптеген елдерде мектеп жасына дейінгі балалар пандемияға байланысты ана тілі мен сауат ашу сабақтарының 34 пайыздан астамын және пандемияға дейінгі сол топтармен салыстырғанда ерте жастағы сауат ашу сабақтарының 29 пайыздан астамын жіберіп алған. 2021 жылдың соңына қарай көптеген елде мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына баратын балалар саны 10 пайыздық тармаққа қысқарды және тіпті мектептер қайта ашылғаннан кейін де қалпына келген жоқ. Пандемия кезінде балалар азық-түлік тапшылығынан да зардап шекті.

«Мектеп жасындағы балалар үшін мектептің жабылуының әрбір 30 күні орта есеппен 32 күндік оқуды жоғалтуға сәйкес келді. Мектептер жұмысының тоқтауы және қашықтан оқыту жүйесінің ойдағыдай жүзеге аспауы салдарынан балалар сабақтарға қатыспауға мәжбүр болды және өткен материалдарды да ұмытты. Табысы төмен және орта деңгейлі елдерде мектептің жабылуына байланысты 1 миллиардқа жуық бала жыл бойы сабаққа қатысқан жоқ. 700 миллионнан астам бала жарты жыл бойы білім алмады. Салдарынан осы елдерде мәтінді оқи алмайтын және түсінбейтін балалар үлесі 70 пайызға өсті (пандемияға дейін 57 пайыз болған). COVID-19 пандемиясы жастардың жұмысқа орналасуына үлкен соққы берді. 2021 жылдың желтоқсан айындағы жағдай бойынша пандемия болмаса жұмыс істеп кететін 40 миллион адам жұмыссыз қалды. Жастардың табысы 2020 жылы – 15 пайызға, 2021 жылы 12 пайызға төмендеді. Егер шұғыл шаралар қабылданбаса, пандемия кедейлік пен теңсіздіктің одан әрі өсуіне катализатор болуы мүмкін», дейді банк баяндамасында.

Қысқа мерзімді перспективада жас балалардың дамуы үшін елдер оларды вакциналау және тамақтандыру шараларына қолдау көрсетуі; мектепке дейінгі білім берудің қолжетімділігін арттыруы; әлеуметтік қорғалмаған отбасыларды ақшалай көмекпен қамтуды кеңейтуі қажет.

Мектеп жасындағы балалар үшін мектеп жұмысын үзіліссіз ұйымдастыру, оқу сағаттарын көбейту, білім сапасын арттыру аса маңызды.

Ал жастар үшін мамандандырылған оқыту бағдарламаларын, кәсіпкерлікті дамыту, сондай-ақ жұмысшылардың біліктілігін арттыруға бағытталған жаңа бастамаларды жүзеге асыруды қамтамасыз ету маңызды болмақ.

Ұзақ мерзімді перспективада елдер қазіргі және болашақ күйзелістерге жақсырақ дайындалуға және оларға жауап беруге қабілетті икемді, төзімді және бейімделген денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау жүйелерін құруы керек.

Дүниежүзілік банктің бас экономисті Норберт Шадидің айтуынша, 2050 жылы еңбекке қабілетті халықтың негізгі категориясының 90 пайызын қазіргі 25 жасқа толмаған азаматтар (қазіргі адам капиталының азып-тозуынан зардап шеккендер) құрайды.

«Олардың пандемиядан кейін адам капиталын қалыптастыру бағытына қайта оралуы және олардың келешегі үшін мол инвестиция салу мәселесіне мемлекет ең бірінші кезекте маңыз беріп қарастыруы керек. Әйтпесе осының салдарынан бір емес, бірнеше жоғалған ұрпақ буыны пайда болады», дейді ол.

Дүниежүзілік банк тобы дағдарыс және пандемиядан қалпына келтіру кезінде адамдардың қауіпсіздігін сақтауға және олардың дамуына инвестиция салуға көмектесу үшін үкіметтермен тығыз жұмыс істейді. Дүниежүзілік банктің пандемиямен күресу үшін 2020 жылдың сәуірінен 2022 жылдың маусымына дейін бөлген қаржыландыру көлемі 72,8 миллиард долларға жетті.

Сондай-ақ оқыңыз