Фото: kursiv.media
Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше елдегі Қазақстанның Төтенше және Өкілетті елшілерін тағайындады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Әлім Дәуренұлы Байел Қазақстан Республикасының Әзербайжан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымына тағайындалды», делінген хабарламада,
2019 жылдан Қазақстанның осы елдегі Төтенше және Өкілетті Елшісі болған Сержан Оралбайұлы Әбдікәрімов лауазымынан босатылды.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Мағжан Ілиясов Қазақстан Республикасының Исландиядағы, Ирландиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы болып тағайындалды.
Ал Қазақстан Республикасының Швейцария Конфедерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Қайрат Саржанов Қазақстан Республикасының Лихтенштейн Князьдігіндегі, Ватикан Мемлекетіндегі және Иерусалим, Родос және Мальта Қасиетті Иоаннының Егеменді Әскери Госпитальерлер Орденінің жанындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқаратын болды.