Фото: kursiv.media
Ресейден автокөлікпен бидай тасымалына тыйым салынғалы бері, бидай бағасы шамамен 20 долларға қымбаттаған. Осылайша Қазақстан бидайы тоннасына 260 долларға бағаланып, экспортталып жатыр.
Атап айтқанда, Сарыағаш станциясындағы қазір ұнның тоннасы 290-300 долларға болса, бидайдың тоннасы 250-260 доллар. Ал наурыз айында бидай тоннасы 240 долларға дейін төмендеген. Астық құнының бұлайша өсуі екі фактормен байланысты. Біріншісі – Ресейден автокөлікпен бидай тасымалдауға тыйым салынуы, екіншісі – Қытайға астық тасымалдайтын вагондардың жиі жөнелтіле бастауы.
Сәуір айының алғашқы жартысында Қазақстан Қытайға 12 мың тонна бидай жөнелткен. Алдағы уақытта бұл көрсеткіштер көтеріле түсуі мүмкін. Себебі ҚТЖ бидайды арнайы астық тасымалдаушылармен жеткізу жұмыстарын жолға қойып, дамыта түспек. Бұл жақын арада жөнелту көлемінің айтарлықтай артуына септесері анық. Егер, тәулігіне бір пойыз құрамы жөнелтіліп отыратын болса, ай сайынғы экспорт көлемі 100 мың тоннаны құрайды.
Ал жалпы, экспортты алатын болсақ, жарты айда Қазақстан 95,5 мың тонна ұн мен 302,7 мың тонна бидай экспорттаған. Бұл орайда Орталық Азия сауданың негізгі бағыты болып қала береді. Биылғы логистикалық проблемаларға қарамастан, экспорт қарқыны өткен жылмен салыстырғанда едәуір өскенін байқауға болады. Мәселен, 2022 жылдың сәуір айында Қазақстан шетелге 156,7 мың тонна ұн және 463,8 мың тонна бидай жөнелткен.
«Жалпы алғанда, тасымалданып жатқан бидай көлемі қуантады. Енді сәуірдің екінші жартысында да көрсеткішер жақсы болады деген үміт бар, Солайша, сәуір айында 200 мың тонна ұн экспорттаймыз деп отырмыз», дейді Қазақстан астық өңдеушілер одағының президенті Әлихан Талғатбек.
Мамандардың айтуынша жоспарды жүзеге асыруға вагон тапшылығы ғана кедергі келтіруі мүмкін, алайда теміржолшылар туындаған мәселелерді тез арада шешуге уәде беріп отыр.
Осыған дейін мәжіліс депутаттары бидай нарығына заңсыз кірген импортерлер тарапынан демпинг жасалып жатқанын айтып, астық нарығын Ресейден заңсыз келетін бидайдан қорғауға шақырған болатын.