Аэроғарыш комитетінің теңгеріміндегі бірқатар мүлік «Бәйтерек» бірлескен кәсіпорнына беріледі

Жарияланды
Шығарушы редактор

Фото: kursiv.media

Аэроғарыш комитетінің теңгеріміндегі бірқатар мүлік «Бәйтерек» бірлескен кәсіпорнына беріледі. Бұл туралы үкімет қаулысы Ашық НҚА сайтында жарияланған.

«Осы қаулыға қосымшаға сәйкес республикалық мүлік Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен «Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Аэроғарыш комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің теңгерімінен «Бәйтерек» Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорны» акционерлік қоғамына акцияларын төлеуге берілсін», делінген қаулыда.

Бұл істі ҚР ҚМ Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесе отырып жүзеге асырады.

Қаулыға сәйкес, Аэроғарыш комитетінің балансындағы 446 мүлік «Бәйтерек» Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорны» акционерлік қоғамына беріледі. Бұл тізімде арнайы техника қоймасы, өрт-су қоймасы, «Украина» қонақ үйі, бірнеше жатақхана мен казарма, гараж бен көкөніс қоймасынан бастап, сантүрлі техника, құрал-жабдық бар.

«Бәйтерек» Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорны» акционерлік қоғамы 2005 жылы Байқоңырдағы «Бәйтерек» зымыран жүйесін пайдалану және басқару үшін құрылған. Оның жарғылық капиталына мемлекет 50 пайыз қатысады.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті – Қазақстан тарапынан Бірлескен кәсіпорын құрылтайшысы.

Қаулыны қоғамдық талқылау 3 мамырға дейін жалғасады.

Сондай-ақ оқыңыз