Ел экономикасы өсіп, инфляция баяулады: Әлихан Смайылов Президентке есеп берді

Жарияланды

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Премьер-Министр Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен елдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңесте Қазақстан экономикасы өсіп, инфляция баяулағанын мәлім етті. Сондай-ақ, Жаңаөзен қаласында жаңа газ өңдеу зауыты салынатынын да мәлімдеді.

Оның дерегінше, ұлттық экономика қолайсыз сыртқы жағдайларға бейімделе отырып, орнықты өсу жолына шығып отыр. Қаңтар-наурыз айларында ЖІӨ-нің нақты өсімі 4,9%-ды құрады. Ал, 2022 жылы қалыптасқан сыртқы күрделі ахуалға қарамастан, экономикамының нақты өсуі 3,2% болған. Премьер-министр елімізге шетелден $28 млрд тікелей шетелдік инвестиция тартылып, 18% өсім болғанын мәлім етті. Сыртқы сауда айналымы 32%-ға өсіп, $134 млрд болды.

Оның айтуынша, жұмыс істейтін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 27%-ға артып, 1,8 млн-нан асты. Осы секторда жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 13%-ға өсіп, 3,9 млн адамға жетті. Нәтижесінде экономикадағы ШОБ үлесі қазірдің өзінде 36%-ды құрады(бір жыл бұрын 33,5%).

Сондай-ақ, Үкімет басшысы биыл қабылданған шаралар экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік бергенін атап өтті.

Айтуынша, барлық негізгі бағыттар бойынша оң динамика қалыптасып отыр:
құрылыста – 16%;
саудада – 12%;
көлік саласында – 8%;
өңдеу өнеркәсібінде – 5,4% өсім тіркелді.

Оның дерегінше, негізгі капиталға салынған инвестициялардың нақты көлемі үш айда 16%-ға, ал мемлекеттік бюджет кірісі 24%-ға артты.

Сондықтан, бұл көрсеткіш биылғы республикалық бюджетті нақтылау кезінде әлеуметтік төлемдерге, денсаулық сақтау мен білім беру салаларын, нақты сектор мен инфрақұрылымды дамытуға қосымша 2,2 трлн теңге бөлуге мүмкіндік беріпті.

Әлихан Смайылов Қазақстанның халықаралық резервтері $94 млрд құрады дейді. Айтуынша, өткен жылдың басынан бері Ұлттық қордың активтері $3 млрд-қа өсіп, $58 млрд-қа жеткен. Премьер-Министр халықаралық рейтингтік агенттіктер Қазақстанның инвестициялық рейтингін сенімділік деңгейінде растап, ал Standard&Poor’s агенттігі биылғы наурыз айында экономикамызға қатысты өз болжамын жақсартқанын айтты.

Оның айтуынша, Үкімет пен Ұлттық банктің бірлескен іс-шаралары нәтижесінде инфляция өсімі баяулаған.

Биылғы наурыз айында жылдық инфляция 18,1%-ға дейін баяулады. Оның дерегінше, соңғы 4 аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша инфляция тіркелмепті.

Сондықтан, Үкімет биыл инфляцияны 2 есеге дейін төмендету міндетін қойып отын.

Бұған өоса, елімізде Халықтың табысын арттыру бағдарламасы іске асырылып жатыр екен. Осы іс-шаралар аясында биыл 3 млн-нан астам адамның жалақысы өсіпті.

Ұлттық жобаларды іске асыру, жаңа өндірістер ашу, шағын және орта бизнесті дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру есебінен 1 млн-ға жуық адам жұмыспен қамтылады, деген мәлімет айтты Премьер-министр.

Үкімет басшысы сондай-ақ, кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеуші саясат енгізіліп жатқанына тоқталды.

Қаңтар айынан бастап кәсіпкерлер үшін Міндетті талаптар реестрі ашық түрде жарияланды.

«Енді Реестрде жоқ талаптар бойынша тексерулер жүргізілмейді. Биыл заңнамадан бизнес үшін 10 мың керексіз талаптар алынып тасталады. Бұл тексерулердің санын едәуір қысқартады. Сондай-ақ осы жылдың соңына дейін тәуекелдерді басқару жүйелерін автоматтандыру толығымен аяқталады», — деді Премьер-Министр.

Айтуынша, биыл шағын және орта бизнесті жүйелі түрде қолдау шаралары кеңейтілді. Өңдеу өнеркәсібін дамыту мақсатында қолдау көрсетілетін қызмет түрлерінің тізбесі (жеңілдетілген несиелер және қаржылық лизинг) 116-ға ұлғайды.

Үкімет басшысының дерегінше, Бірқатар басым қызметтер бойынша проценттік мөлшерлемені субсидиялау мерзімі 5 жылдан 7 жылға дейін ұзартылды. Бизнестің жол картасын қаржыландыру көлемі 224 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Шағын және орта бизнесті қолдау шеңберінде биыл 20 мыңнан астам жобаны субсидиялау, 18 мыңнан астам жобаға кепілдік беру көзделіп отыр.

Әлихан Смайцылов 2023 жылғы Үкіметтің жоспарларын да жария етті.

Айтуынша, индустрия саласында 1 трлн теңгеге 170 жаңа инвестициялық жобаны іске қосу жоспарлануда. 18,3 трлн теңге көлемінде негізгі капиталға инвестиция тарту міндеті тұр. Жалпы құны 28,1 трлн теңгеге 873 жобадан тұратын инвестициялық пул пысықталуда.

«Индустрия саласында биыл 1 трлн теңгеге 170 жоба іске қосылады. Осының есебінен 15 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда», — деп атап өтті Премьер-Министр.

Оның дерегінше, Ресейден Қазақстанға кәсіпорындарды релокациялау шеңберінде 24 компания Қазақстанға көшті, тағы 43 компания бойынша жұмыс жалғасуда.

Үкіметтің жанар-жағармай өндірісін ұлғайту жөніндегі жоспарларын жария етті, Үкімет басшысы

«Ішкі нарықта ЖЖМ тапшылығын жою үшін Шымкент МӨЗ өндірістік қуатын жылына 6 млн-нан 12 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр. Зауытты шикізатпен қамтамасыз ету үшін Атырау – Кеңқияқ және Кеңқияқ – Құмкөл мұнай құбырларын кеңейту жобаларын жүзеге асыру жоспарлануда», — деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысы сонымен қатар, Жаңаөзен қаласында қуаттылығы 900 млн текше метр болатын жаңа газ өңдеу зауытының құрылысы басталатынын мәлімдеді. Жалпы газ саласында жылына қосымша 4 млрд текше метрге дейін газ алуға мүмкіндік беретін заңнамалық нормалар қабылданыпты.

Cондай-ақ Үкімет басшысы мұнай-химия саласында қуаттылығы жылына 319 мың тонна бутадиен және басқа ілеспе тауарларды өндіруге мүмкіндік беретін жоба іске асырылып жатқанын еске салды. Бұл ретте қазіргі таңда қуаттылығы жылына 1,2 млн тонна болатын полиэтилен өндіру бойынша жобалау жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағыттағы ннвестициялардың жалпы көлемі $8,7 млрд-ты құрайды екен.

Сондай-ақ оқыңыз