«ҚазМұнайГаз» акциясының құны неге баяу өсіп жатыр?

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Бірер апта бұрын «ҚазМұнайГаз» акциялары орналастыру құнына дейін құлдырап кетіп, 8464 теңге болған. 18 сәуірдегі жағдай бойынша ҚМГ бір акциясы 10 325 теңгеге саудаланды, Есте болса, ҚМГ IPO-ға шыққан уақытта бағасы 8406 теңге болып тіркелген еді. IPO аясында компанияның 30,5 млн жәй акциясы сатылады деп жоспарланған.

Дабырасы қор нарығынан хабары бар ағайынға түгел жеткен ҚМГ акциясын неге көпшілік жаппай сатып алмады? Қаржыгер, экономист Мұрат Темірхановтың айтуынша, ұлттық компанияны IPO-ға шығарудың өзі экономиканы мемлекет иелігінен алып жатырмыз деген реформаны имитациялау болды.

«Нарыққа компания акциясының 5 пайызы ғана шығарылды. Тек 5 пайызын ғана шығаратын болса онда экономикадағы мемлекеттің рөлін әлсірету туралы қалай айтуға болады. Сондықтан акцияның мұндай көлемімен IPO-ны табысты өткізу мүмкін емес. Өйткені бұл ҚМГ акциясы бойынша нарықтық динамиканы шектейді. Жақында өткен Kaspi банктің табысты IPO-сын еске түсірейік. Қазір ол біздің мемлекеттік мұнай «гигантымыздан» қымбат тұрады. 2020 жылы Kaspi IPO-да өз акциясының 15 пайызын сатты. Бұл IPO-дан кейін нарықтағы акциялардың жеткілікті өтімділігін қамтамасыз ету үшін әдетте ең төменгі мөлшер болып саналады», дейді сарапшы.

Оның айтуынша, бұдан да маңызды фактор – сол 5 пайыздың өзі толық сатылмауы. Қазірге дейін жоспарланған 5 пайыздың 3 пайызы ғана сатылған.

«Егер акцияларға сұраныс жеткіліксіз болса және орналастырудың жоспарланған көлемі қазірдің өзінде аз болса, онда IPO-ны сәті келген бір уақытта өткізу қажет пе еді. Алайда өз қызметтерін сақтап қалу үшін Үкімет те, «Самұрық-Қазына» да бұл IPO-дан бас тартқан жоқ. IPO-ны өткізу нәтижесінде ҚР азаматтарынан түскен өтінімдер бірінші кезекте қарастырылады деді. Мұндай тәсіл бізді қуантады, бірақ заңды тұлғалардан, соның ішінде ірі инвесторлар тарапынан жеткілікті сұраныстың болмауы алаңдатады. Қазақстан азаматтарынан 74,6 млрд теңгеге, қазақстандық заңды тұлғалардан 72,7 млрд теңгеге, шетелдік жеке және заңды тұлғалардан 6,6 млрд теңгеге сұраныс түскен. Ірі қазақстандық және шетелдік заңды тұлғалардың ҚМГ акцияларына деген өте төмен сұранысы (олар үшін 72,7 млрд теңге тиын-тебен ғана) тәжірибелі инвесторлардың ҚМГ акцияларын тартымды деп санамағанын аңғартады. Сондай-ақ ҚМГ IPO-сы кезінде үкімет халықты қаржылық сауаттылыққа үйретуге еш мән бермеді. Ең сорақысы, IPO өткізуге жауапты кейбір брокерлік компаниялар халықты тарту үшін қор нарығындағы инвестиция бойынша білім беру бағдарламасы емес, қаржы пирамидалары сияқты көрінетін смартфон ұтыс ойындары секілді оғаш акциялар өткізе бастады», деп сынға алады Мұрат Темірханов.

Қазақстандық брокерлік компаниялар IPO-дан кейін 12 ай көлемінде ҚМГ акциясы былай өседі деп болжаған:

  • Халык Финанс – Т11 303 теңге;
  • Freedom Broker – Т12 800 теңге;
  • BCC Invest – 11 698 теңге;
  • Jusan Invest – 11 429 теңге.

Мұнай-газ саласының сарапшысы Абзал Нарымбетов ҚМГ акцияларының тартымды болмау себебін ҚМГ кен орындарындағы мұнай өндірісінің төмендеуімен байланыстырады.

«ҚМГ негізгі акционері болып саналатын кен орындарында өндірістің жыл сайын сарқылу үрдісі байқалады. Бұл процеске себеп болып отырған негізгі фактор – жаңа кен орындарының ашылмауы. Бұған 2 жағдай себеп – бюрократия және халықаралық деңгейдегі білікті геологтардың жетіспеуі. Кодекс бойынша, Қазақстанда барлау кезеңінен бастап өндіріс кезеңіне дейін 6-12 жыл аралығында уақыт жұмсалады. Жаңа кен орындарын ашайын десе отандық геологтарға халықаралық тәжірибе жетіспейді. Геологтың жұмысы тиімді болуы үшін цифрланған ескі деректерді пайдалану, осы цифрланған ескі деректерді түзету, жаңа деректерді алу үшін соңғы технологияларды қолдану, сондай-ақ барлау ұңғымаларын бұрғылауды оңтайлы орналастыру үшін оны өңдеудің тиімді әдісі керек. Қазіргі уақытта ҚМГ геологтарында ескі деректердің бәрі бірдей цифрландырылмаған және түзетілмеген. Сонымен қатар жаңа деректерді алу үшін озық технологиялар толық пайдаланылмайды, себебі бұл технологияларды Қазақстанда енгізуге қосымша инвестициялар қажет. Қазіргі кадрлардың оларды пайдалана алатындай құзыреттілігін арттыру да өз алдына бір мәселе. Ал ҚМГ бұрынғыша кеңес өкіметі кезіндегі ескірген технологиялар мен тәсілдерді қолданып, ескі әдіспен жұмыс істеп жатыр», дейді сарапшы.

Оның сөзінше, екінші маңызы жәйт – ҚМГ өндірісті ынталандыру бойынша әдістер мен жаңа технологияларды өте баяу енгізеді.

«Қазақстандық кен орындарына тән ортақ бір проблема – ұңғыманың суға толып кетуі. Бұл – мұнай өндіру кезінде көршілес жыныстардан ұңғымаға судың толуы. Бұл деңгей 98-99 пайызға жеткен кезде әрі қарай өндіріс жасау мүмкін болмай қалады. ҚМГ-ның суға толған ұңғыманы сақтап, жаңасын қазуға көшуі бірнеше есе қымбатқа шығады. Одан да жаңа технологияны пайдаланып, ұңғыманы судан тазартуға көңіл бөлген пайдалырақ еді», дейді Абзал Нарымбетов

Сондай-ақ оқыңыз