«Келіспеймін»: Гүлмира Сатыбалды сотта өзіне тағылған айыпты мойындамады

Жарияланды

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы келіні Гүлмира Сатыбалды сотта өзіне тағылған айыпты мойындамады. Ол Қайрат Сатыбалдымен ажырасқанына 20 жыл болғанын айтып, Тұрсенғали Алагөзовтің компаниясын тартып алмағанын жеткізді.

«Алагөзов мен рейдерлік жасады деп айыптап отыр. Моральдық шығынды да 135 млрд теңге деп бағалаған. Неге мұндай соманы айтқанын білмеймін. Мұндай ақша туралы тіпті мемлекеттік бюджетте де естіген емеспін. Қазақстанның қарапайым азаматында ондай көлемдегі қаражат қайдан болсын? Келіспеймін. Ешқандай рейдерлік әрекет болған жоқ, мен оның компаниясын тартып алған жоқпын», – деп жауап берді Гүлмира Сатыбалды сотта.

Айтуынша, Қайрат Сатыбалдымен 2002 жылдың желтоқсанында ажырасқан. Ол кезде Гүлмира Сатыбалды мемлекеттік органда жұмыс істеген.

«Декларация тапсыруым қажет еді. Қайрат маған айтпастан ажырасып кетті. Содан кейін балаларымды алып кеттім. Мен көпбалалы отбасыдан шықтым. Ата-анамның 10 баласы бар, мен жетінші баласымын. Қайрат сияқты жігіттің мені әйел етіп алғанына қуандым. Мен Қайраттан үш бала таптым. Бәріне менің үш балам бар екенін мақтанышпен айта аламын. Мен оларды лайықты түрде жеткіздім. Бала тапқаным үшін қазір жан-жақтан жазалап жатыр», – деді Сатыбалды сотта.

Гүлмира Сатыбалдының ұлы 2018 жылы үйленбек болған. Сол кезде қазақстандық бизнесмен Тілеуқабыл Абдуллин «Galanz Bottlers» және «Maxi чай» компаниялары бар екенін айтқан.
Содан кейін Тұрсенғали Алагөзовтің бұрынғы әйелі Ляйсира Марат және оның сіңілісі Ильдана Ғани (Қазмамбетова) компания туралы айтып, оның қарызын төлей алмай отырғанын жеткізген.

«Мен қызығушылық таныттым, себебі мен өндіріспен айналысқанды жақсы көремін», – деді Сатыбалды.

Сондай-ақ Гүлмира Сатыбалды ұл-қызының Америкада білім алғанын айтты. Ал пәтер ақысы мен оқу ақысын бұрынғы күйеуі Қайрат Сатыбалды төлеген.

«2002 жылы ажырастым. Ұзақ уақыт мемлекеттік қызметте жұмыс істедім. Орталық сайлау комиссиясына маман болып жұмысқа тұрдым. Содан кейін Конституциялық кеңесте жұмыс істедім. Мемлекеттік басқару академиясын бітіріп, Білім министрлігіне ауыстым. Ұлым 16 жасқа толған соң Америкаға кеттім. Ұл-қызымның жақсы білім алғанын қаладым, өзім тілді меңгердім. Қайрат Сатыбалдымен араластым және одан талап еттім. Әкесі ретінде ол балаларын қамтамасыз етті. Оқуы мен пәтер ақысын төледі, үш баламыз Америкадағы мектепті тәмамдады. Ал жоғары білімді Қазақстанда алды. Олардың лайықты азамат болып өскенін қаладым. Қайраттан бала тапқаным үшін өмірім осылай саясиланып кетеді деп ойламадым», – деді Сатыбалды.

Айта кетейік, Гүлмира Сатыбалдыға қылмыстық кодекстің 389-бабының 3 және 4 бөлігі (өзінше билік ету), 28-бабының 3-бөлігі 1 және 8 тармағы (адамдарды пайдалану арқылы қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам орындаушы деп танылады), 125-бабының 2-бөлігінде (адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы және пайдакүнемдiк ниетпен адамды ұрлау) көрсетілген қылмысты жасады деген айып тағылған.
Іс бойынша үш сотталушы бар. Бірі – Гүлмира Сатыбалды, енді бірі – Мәди Батыршаев. Үшінші сотталушы – Рашид Өтебеков. Жәбірленушілердің арасында Айгүл Мекешева мен Тұрсенғали Алагөзов бар.

Сондай-ақ оқыңыз