Фото: shutterstock.com
Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Ұлттық қорға жармаса беруді доғару керек деді. Президент бұл туралы осыған дейін де талай рет айтқанын еске салды.
«Ұлттық қор – болашақ ұрпақтың қаражаты. Біз оның ресурстарын тек қажет жағдайда, дағдарыс кезеңінде пайдалануымыз керек» деді Президент.
Қазіргі кезде Қазақстанның Ұлттық қорында 29,3 трлн теңге жинақталған. 2030 жылға қарай қорда 100 миллиард АҚШ долларын жинақтау мақсаты қойылған.
Алайда Үкімет жыл сайын бюджеттің жыртығын жамауға қордан қаражат алуын қоймай келеді. Сарапшылардың бағалауынша, кейінгі 7 жылда қор қаржысы 22 пайызға азайған.
16 наурыз күнгі Сенат отырысында 2023 жылға арналған бюджет нақтыланған еді. Қаржы министрлігі биыл бюджет кірісі 19,3 трлн теңге болса, ал шығысы 22,5 трлн теңгеге жететінін айтқан. Соның ішінде Ұлттық қордан 800 млрд теңге трансферт тартылатыны мәлім болды.