Тоқаевтың төрағалығымен елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңес басталды

Жарияланды
Фото: Президент ТРК-і

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңес басталды.
Мемлекет басшысы өз сөзінде Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы өткенін, Үкімет қайта жасақталғанын айтып өтті.

«Ауқымды саяси өзгерістің алғашқы кезеңі аяқталды деуге болады. Біз билік тармақтарының тепе-теңдігін орнықтырдық. Енді еліміздегі қоғамдық-экономикалық қатынастарды қайта құруымыз керек. Жұртшылық бұл реформаларға зор үміт артып отыр. Сондықтан, біз нақты іс-шараларға баса мән беруге тиіспіз», – деді Тоқаев.

Президент Парламент сессиясының ашылуында заңнамалық тұрғыдан шешілуге тиіс бірқатар мәселені атап өткенін айтты.

«Ал бүгін әлеуметтік-экономикалық саладағы мақсат-міндеттерді айқындап алуымыз керек. Үкімет және барлық деңгейдегі әкімдер соған сүйеніп жұмыс істейтін болады. Осы басқосуға мәслихаттардың өкілдері қатысып отыр. Бұл да – нақты саяси өзгерістердің нышаны. Атқарушы және өкілді билік арасында тиімді қарым-қатынас орнату өте маңызды. Қажет болса, олар бірін-бірі толықтырып, қолдап отыруы керек», – деді мемлекет басшысы.

Айтуынша, мұның бәрі мемлекеттік саясатты тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ел мүддесін ескере отырып шешім қабылдауға жол ашады.

Сондай-ақ оқыңыз