ҚМГ қытайлық Sinopec компаниясымен бірлесіп газ бен мұнайға барлау жүргізеді

Жарияланды

Фото: kursiv.media

ҚМГ мұнай мен газ барлау жұмысын қытайлық компаниямен бірлесе атқармақ. «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма Төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Sinopec International Energy Investment Limited бас директорының орынбасары Чжао Сюаньмен келіссөз өткізген. Бұл туралы ҚМГ баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесуде тараптар Қазақстанның жер қойнауын геологиялық зерттеу мен геологиялық барлау саласындағы өзара іс-қимыл туралы келісімнің жобасын талқылаған.

Дайындалып жатқан құжатта жер қойнауын геологиялық зерттеу бойынша бірнеше жоба, перспективалы барлау жобалары, сондай-ақ еліміздің аумағындағы аз зерттелген шөгінді алаптары қамтылған.

«Сонымен қатар тараптар геологиялық барлау саласында тәжірибе алмасуға ниет білдірді. Перспективалы учаскелерді геологиялық және техникалық-экономикалық бағалау, барлау процесінің жаңа технологиялары мен цифрландыру, зерттеу институттарына, дата орталықтарына, флюидтер (сұйық заттар) мен кернді талдайтын зертханаларға, өндіріс нысандарына өзара келісе отырып бару сияқты ынтымақтастықтың практикалық бағыттары айқындалды», делінген ресми хабарламада.

Кездесуде қытайлық серіктестердің «Өріктау» жобасына және Ақтөбе облысындағы Әлібекмола мен Қожасай мұнай-газ конденсатты кен орындарынан газ өңдеу зауыттарының құрылысына қатысу болашағы да талқыланды. Аталмыш кен орындарды «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС игереді. Бұл компанияның паритеттік негіздегі үлескерлері – ҚМГ мен «Caspian Investments Resources Ltd» (Sinopec).

Сондай-ақ оқыңыз