Фото: kursiv.media
Жақында Ұлттық Банк еліміздің Ұлттық қор активтерін 2030 жылға дейін басқару тұжырымдамасын жариялады. Ұлттық банк тұжырымдамада жазылған шектеулерді, қағидаттар мен тәсілдерді сақтау Ұлттық қор қаржысын 2030 жылға дейін 100 млрд долларға дейін жеткізіп, табысты жұмыс істеуіне ықпал етеді дейді. Соның арқасында Ұлттық қор – балаларға» жобасы да сәтті жүзеге асуы тиіс.
Қойылған мақсат – айқын, алайда соған расында қол жеткізе аламыз ба? Ranking.kz сарапшылары бұл мақсатты жүзеге асыру оңай емес деп тұжырымдайды. Өйткені қазір Ұлттық қор активтері 58,4 млрд АҚШ долларын құрап отыр. Яғни, 7 жылға жетер-жетпес уақытта Ұлттық қор активтері 71%-ға немесе 41,6 млрд АҚШ долларына көбеюі тиіс. Жалпы құлаққа жағымды естілгенімен, 2014 жылдан бері Ұлттық қор активтері тек азайып келе жатқанын ескермей отырмыз. Мәселен, 2014 жылдың тамызында Ұлттық қордың активтері тұрақты өсім көрсетіп, 77,2 млрд АҚШ долларына жеткен еді. Алайда одан кейінгі жылдарда қордағы қаржы тұрақты түрде кеміп келді. Сол кездегі ең жоғары көрсеткішпен салыстырса, бүгінде қор актитері 24,4%-ға немесе 18,8 млрд долларға азайған.
Кейбір жылдары қордағы қаражат аздап өскенімен, төмендеу тенденциясы сақталып отыр. Яғни, сарапшылар жаңа концепция қысқа мерзімде осындай өр мақсатқа қол жеткізе алады деуге ешқандай кепілдік те, негіз де жоқ дейді.
Жаңа тұжырымдамада атап өтілгендей, қор активтерінің бұлайша қысқаруының бір себебі – Ұлттық қордан бюджет үшін тартылған трансферт мұнай түсімдерінен асып кетіп отыр. Айталық, 2017 жылы қорға 2,1 трлн теңге түскенімен, сол жылы 4,4 трлн теңге алынған. Ал 2020 жылы бар-жоғы 1,4 трлн теңге түскеніне қарамастан, ел үкіметі Ұлттық қордан 4,8 трлн теңге алған.
Дегенмен, бұл жалғыз себеп емес екенін атап өткен жөн. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырып жатқан инвестициялық қызмет те маңызды рөл атқарады. Осылайша, соңғы 10-15 жыл ішінде активтерді басқарудан алынған кіріс әлемдегі ұлттық қорлардың табысынан төмен болған.
Ұлттық қордың бүкіл тарихында (2000-2022 ж.ж.) оның орташа жылдық табыстылығы 3,02%, ал шетел валютасындағы активтерді басқарудан түскен инвестициялық кіріс 15,1 млрд АҚШ долларын құрады. Айталық, Норвегия қорының 1998 жылдан бастап 2022 жылдың соңына дейін орташа жылдық жиынтық кірісі 5,7% болған.
Сонымен қатар, кейінгі 10 жылда Қазақстан Республикасында Ұлттық қорды басқаруда шығыны көп болып тұр Ең қомақты шығын 2022 жылға тиесілі. Былтыр жыл соңында Ұлттық қорды басқаруда 1,4 триллион теңге көлемінде рекордтық шығын тіркелді.
Осы жайттардың бәрін ескерсек, 2030 жылға қарай Ұлттық қор қаржысын 100 млрд долларға жеткізу оңайға түспейді. Бұл ретте билік қордағы қаражатты сақтап қалуға бар күш-жігерін салуы керек.
Күні кеше Мемлекет басшысы үкіметтің кеңейтілген отырысында Ұлттық қорға жармаса беруді доғару керек деген болатын.
«Ұлттық қор – болашақ ұрпақтың қаражаты. Біз оның ресурстарын тек қажет жағдайда, дағдарыс кезеңінде пайдалануымыз керек» деді Президент.
2023-2025 жж арналған бюджет кодексіне сәйкес, биыл Ұлттық қордан бөлінетін 800 млрд теңге ұлттық деңгейдегі әлеуметтік маңызы бар жобаларды және стратегиялық маңызды инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға жұмсалады..