Сәуір айында Қарулы күштері түрлерінің құрамалары, әскер тектері, өңірлік қолбасшылықтар, яғни 400-ден аса әскери бөлім, сондай-ақ әскери басқару органдары тексеріледі. Бұл туралы
ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бақылау тексеруінің мақсаты – 2023 оқу жылындағы қысқы оқу кезеңіндегі жауынгерлік даярлықтың нақты жай-күйін және жауынгерлік даярлық деңгейін бағалау.
Тексерілетін пәндердің қатарына жалпыәскери жарғылар, мемлекеттік-құқықтық, атыс, тактикалық, арнайы, техникалық, дене шынықтыру дайындығы, жауынгерлік машиналарды жүргізу кіреді.
Құрамалар мен бөлімдерде әскери қызметшілердің оқу пәндерінен тапсырған сынақтар мен тесттері ғана бағаланбайды. Оған қосымша әскери бөлімдер жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіріледі, оқу-жаттығу полигондарына шығарылып, онда жауынгерлік атыспен, оның ішінде түнгі тактикалық оқу-жаттығулар да өткізіледі. Бөлімдердің белгіленген мерзімде мақсатқа сай міндеттерді орындау үйлесімділігі мен қабілеттілігі, сондай-ақ командирлердің ұрысты ұйымдастыру және жүргізу барысында бағынысты және берілген бөлімшелерді басқару қабілеті тексеріледі.
Бақылау тексерісі үш кезеңде жүргізіледі. Алғашқы екеуінде Қарулы күштер түрлерінің, әскер тектері мен өңірлік қолбасшылықтардың құрамалары, әскери бөлімдер, басқару органдары, үшіншісінде – Қорғаныс министрлігінің және Қарулы күштер Бас штабының құрылымдық бөлімшелері тексерілмек.