Қазақстан мен Қытай арасындағы тұрақты әуе рейстерінің саны артады

Жарияланды
рейс
Фото: Shutterstock

Қазақстан мен Қытай арасындағы тұрақты әуе рейстерінің саны ұлғаятын болды. Сонымен қатар еліміздің Азаматтық авиация комитеті ҚХР авиациялық билік орындарымен бірлесіп «Air China»әуе компаниясының Қазақстан мен Қытай арасындағы тұрақты жолаушылар рейстерін қалпына келтіру мәселесін пысықтады. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Нәтижеснде 21 сәуірден бастап Air China әуе компаниясы Бейжің – Сиань – Астана бағыты бойынша аптасына 3 рет жиілікпен дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері тікелей жолаушылар рейсін орындауды бастайды. Рейстер Airbus-A320 типті әуе кемелерінде орындалады.

Ал, Қазақстан тарапынан «Air Astana» әуекомпаниясы маусым айынан бастап Астана – Бейжің бағыттары бойынша орындалатын рейстер санын аптасына 1 – ден 2-ге, Алматы – Бейжің бағыты бойынша 6-дан 7 рейске дейін және Алматы-Чэнду бағыты бойынша 1-ден 2 рейске дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр.

«Осылайша, елдер арасындағы рейстер саны аптасына 13-тен 19 рейске дейін ұлғайтылады, оның ішінде қытайлық «China Southern Airlines» әуе компаниясы Астана – Үрімші бағыты бойынша аптасына 2 рейс және Алматы – Үрімші бағыты бойынша 3 рейс» делінген хабарламада.

Бұған дейін, 24 сәуірден бастап, «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы  халықаралық орталығы үш жылдық үзілістен соң қайта ашылатыны хабарланған болатын. Сондай-ақ, Қазақстан мен Қытай визасыз режим енгізбек.

Сондай-ақ оқыңыз