Тамыз айында Алматыдағы газбен жанатын жаңа ЖЭО-2 құрылысы басталады

Жарияланды
ЖЭО-2
Фото: Kursiv.media

«Самұрық-Энерго» АҚ Алматыдағы газбен жанатын жаңа ЖЭО-2 құрылысы тамыз айында басталады. Бұл туралы «Самұрық-Энерго» АҚ баспасөз қызметінен хабарлады.

Ақпаратқа сәйкес, биыл екінші тоқсанда Алматы ЖЭО-2 алаңында жабдықтарды жеткізу, жаңа газ станциясын жобалау және салу бойынша мердігер айқындалатын болады.

Бүгін «Самұрық-Қазына» қоры Қоғамдық кеңесінің отырысында «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Серік Түйтебаев осылай деп мәлімдеді.

Оның дерегінше, ашық халықаралық тендердің бірінші кезеңі барысында 6 өтінім келіп түсті. Оның ішінде екінші, қорытынды кезеңге 2 компанияның өтінімі өтті.

«ЕРС-мердігерді таңдау бойынша халықаралық, екі кезеңдік конкурс Еуропа Қайта құру және Даму банкінің ережелеріне сәйкес өткізіледі. EPC-мердігерді таңдаудың техникалық сипаттамасы мен EPC-келісімшарт жобасы FIDIC (Халықаралық инженер-консультанттар федерациясы) «сары кітабы» бойынша әзірленді» делінген хабарламада.

Серік Түйтебаевтың айтуынша, тендердің жеңімпазы ағымдағы жылдың екінші тоқсанында анықталады. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталуы 2023 жылдың тамызына болжанып отыр.                                                                                                     

Өткен жылдың қараша айында Қазақстанның ең ірі жылу электр орталықтарының бірі – Алматы ЖЭО-2-ні газға көшіру және толық жаңғырту жөніндегі жұмыстар практикалық іске асыру сатысына шыққаны хабарланған болатын. Газ станциясын салуға қазан айында жарияланған халықаралық тендерден кейін жобаны қаржыландыру көздеріне қатысты мәселелер шешілді.  Бұл туралы «Самұрық-Энерго» АҚ Баспасөз қызметі хабарлады.

 25 қарашада Алматыда станция иесі «Алматы электр станциялары» АҚ (АлЭС) мен Еуропа Қайта құру және Даму банкі (ЕҚДБ) арасында «Қоршаған ортаға тигізетін әсерін барынша азайту арқылы Алматы ЖЭО-2-ні жаңғырту» жобасын қаржыландыру туралы кредиттік келісім жасалды. Аталған мәміленің сомасы 130 млрд. теңгені құрайтыны хабарланған еді.

Сондай-ақ оқыңыз