Үкімет азық-түлік бағасын тұрақтандыру жолдарын қарастыруда

Жарияланды
Үкімет
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Үкіметте Әлихан Смайыловтың төрағалығымен кеңес өтті. Онда Президенттің 19 сәуірдегі әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңейтілген кеңесте берген тапсырмаларын жүзеге асыру шаралары қаралды. Соның ішінде азық-түлік бағасын тұрақтандыру, инфрақұрылымды жақсарту, ішкі нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Бұл туралы Премьер-министрдің ресми ақпараттық ресурсынан хабарлады.

Биыл Үкімет ЖІӨ өсімін 6% деңгейінде қамтамасыз ету мақсатында тау-кен өндіру секторын дамытуға, оның ішінде ірі мұнай-газ жобаларын, өңдеу өнеркәсібін, АӨК, ШОБ және қызмет көрсету секторын жандандыруға баса назар аударатын болады. Сонымен қатар, бюджет тапшылығын азайту, мемлекеттік қарызды тұрақтандыру және Ұлттық қордан түсетін трансферттерді қысқарту бойынша шаралар қабылданады. Бюджеттің теңгерімділігі мұнайға қатысты емес түсімдерді ұлғайту есебінен, оның ішінде тиімсіз салықтық жеңілдіктерді алып тастау есебінен қамтамасыз етіледі.

Инфляцияны төмендету мақсатында Ұлттық банкпен бірлесіп өзектендірілген тиісті Кешенді жоспарды іске асыру жалғасады. Ішкі нарықты отандық өніммен толтыру арқылы азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыруға басты назар аударылатын болады.

Ішкі азық-түлік нарығындағы ахуалды тұрақтандыру мақсатында субсидиялау тетігіне жаңа норма енгізіледі, оған сәйкес 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап пилоттық режимде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын немесе оларды өндіру үшін шикізат өндірумен айналысатын субсидия алушылар нарықтық бағалар бойынша ішкі нарықта өнімді өткізу бойынша қарсы міндеттемелерді өзіне алуға тиіс.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру тетіктерінің тиімділігін арттыру үшін «Айналым схемасын» іске асыру процесіне Азық-түлік корпорациясын сенімгер агент ретінде тарту мәселесі пысықталуда.

Сақтау инфрақұрылымын құру және көкөніс қоймаларының тапшылығын азайту мақсатында 2025 жылға дейінгі көкөніс қоймаларын салу мен жаңғыртудың кешенді жоспарын іске асыру жалғасады. Бұл жоспарда жалпы сыйымдылығы 342,6 мың тонна жеміс-көкөніс өнімдерін сақтайтын 97 жобаны іске асыру көзделген. Бұл бағытта бизнесті ынталандыру мақсатында қолданылатын сақтау технологиясына байланысты осындай объектілерді салу кезінде шығындарды өтеу нормативін 25%-дан 40-50%-ға дейін жеткізу үшін инвестициялық субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізіледі.

Сонымен қатар, электрмен, жылумен, сумен қамтамасыз ету және су бұру жүйелерінің тозуын азайту мақсатында «Тарифті инвестицияға айырбастау» қағидатына көшу жұмыстары басталды. Дегенмен, олардың өсімі өңірлердегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды ескере отырып, кезең-кезеңімен жүргізіледі. Сонымен қатар барлық тұтынушылар үшін коммуналдық қызметтердің әділ құнын қамтамасыз ету мақсатында тұтынудың әлеуметтік нормасын енгізу тетіктері әзірленетін болады.

Еліміз бойынша орташа есеппен коммуналдық желілердің 51%-ның тозығы жеткен. Бұл бағытта жергілікті атқарушы органдар қажеттіліктерді ескере отырып, коммуналдық инфрақұрылымды салу мен күрделі жөндеудің өңірлік жоспарларын әзірлейтін болады. Әртүрлі қаржыландыру көздері есебінен 2029 жылға қарай коммуналдық желілердің тозу деңгейін 40%-ға дейін төмендету жоспарлануда.

Жалпы, экономикадағы электр энергиясына деген қажеттілікті өтеу үшін 2035 жылға дейін 17,3 ГВт жаңа қуат енгізілетін болады.

Сонымен қатар, 2029 жылға қарай республикада 147 мыңға жуық жұмыс орнын құру арқылы жалпы сомасы 33 триллион теңгеден асатын 800-ден астам инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Оның ішінде 22,1 мыңға жуық жұмыс орнын құру арқылы жалпы құны 3,1 триллион теңгені құрайтын 122 жоба қосылған құны жоғары тауарлар шығаруға бағытталған. Бұл – машина жасау, құрылыс индустриясы, жеңіл өнеркәсіп және металлургия салаларындағы жобалар.

Ел бойынша, 4 900 ауыл сумен жабдықтау қызметтерімен қамтылған. 2025 жылдың соңына дейін қалған 1 395 ауылдың мәселесі шешіледі. Бұл сумен қамтамасыз етудің еліміз бойынша көрсеткішін 100%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. 

Премьер-Министр мемлекеттік органдар мен әкімдіктер қызметкерлерінің Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша қабылдаған барлық іс-әрекеттері нақты нәтиже беруі тиіс екенін атап өтті. Салық, бюджет және тарифтік саясатты жаңғырту кезінде бірінші кезекте, азаматтар мен бизнестің мүдделері ескерілуі керек. Барлық енгізілген құралдар мен механизмдер алдымен халыққа ыңғайлы әрі түсінікті болуы қажет.

«Тұрғындардың шағымдарын әлеуметтік шиеленіске дейін жеткізбей, байыпты түрде шешу керек. Бұл, әсіресе, денсаулық сақтау, білім беру және еңбек қатынастарына қатысты. Бұған Азаматтарды қабылдаудың бірыңғай орталықтары ықпал ететін болады. Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары халықтың проблемаларын шешу үшін осы ресурсты тиімді пайдалануы тиіс», — деді Әлихан Смайылов.

Премьер-Министр азық-түлік бағасын тұрақтандыру мәселесін өңір әкімдіктері Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп, өндірушіден тұтынушыға дейінгі сауда-өткізу тізбегін жолға қою жөніндегі жүйелі шаралардың сапалы іске асырылуын қамтамасыз етуі қажеттігін атап көрсетті.

Сонымен қатар, жаңа Салық кодексін әзірлеу аясында қатты пайдалы қазбаларды өндіру жөніндегі жобаларға салық салуды қайта қарау, өндіріс көлемінің өсуін ынталандыру, инвестиция тарту, инновацияларды енгізу, сондай-ақ жұмыспен қамтуды арттыру қажеттігін атап өтті.

Тағы негізгі бағыттардың бірі – шағын және орта бизнеске қолжетімді несие беру. Осыған байланысты ашық қызмет жүргізетін кәсіпкерлерге қарыз беру бойынша шешімдер қабылдау процесі оңайлатылмақ.

Сондай-ақ оқыңыз