Интернет сапасына қатысты шағым Алматы мен Астанадан көп түседі – Смайылов

Жарияланды
Фото: Kursiv.media

Интернет сапасын арттыру үшін елімізде 5 жыл ішінде 560 млрд теңге жұмсайды. Бұл туралы премьер-министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында мәлімдеді.

«Өкінішке орай, бұл салада жүйелі жұмыстарды көре алмай отырмыз. Биыл жылдың басынан бері Үкіметке байланыс және ақпараттандыру мәселелері бойынша азаматтардан 5 мыңға жуық өтініш пен шағым келіп түсті. Олардың басым бөлігі Интернеттің жылдамдығы мен сапасына қатысты. Сонымен қатар елді-мекендерде, тіпті ірі қалалардың өзінде мобильді интернет жоқ немесе сапасы нашар», – деді Әлихан Смайылов.

Айтуынша, мұндай шағым әсіресе Алматы мен Астанада көп.

«Мобильді Интернетке қызмет көрсету байланыс операторларының міндеттемелеріне неге кірмейтіні мүлдем түсініксіз. Интернеттің сапасы мен жылдамдығын өлшейтін құралдар жоқ. Инспекцияның өзі жол бойындағы және елді-мекендердегі интернет жылдамдығын өлшей алмайды. Бұл проблемаларды шешу керек. Қазір адамдар бірінші кезекте интернеттің сапасына қарайды. Жай ғана желі тартып беретін кезеңнен өттік. Халыққа сапалы байланыс пен жылдам интернет қажет», – деді ол.

Бұған дейін, Үкімет отырысында Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин 5G желісі елімізде қашан қосылатынын мәлім еткен болатын.

Сондай-ақ оқыңыз