Қазақстан сауда-логистика бағыттарын әртараптандыруы керек – Дүниежүзілік банк

Жарияланды

Фото: shutterstock

Қазақстан экономикасының өсім қарқыны ақырындап қалпына келе бастайды. Ел экономикасының өсімі 2023 жылы 3,5 пайызды құраса, 2024 жылы ол 4 пайызға жетуі ықтимал. Дүниежүзілік банктің «Қиын кезеңдегі экономиканың қалпына келуі» деген баяндамасында ЖІӨ өсіміне мұнай-газ саласы ықпал ететіні жазылған.

2023 жылы инфляция 9-11 пайыз аралығында жоғары болады деп күтіліп отыр. Оған экономиканың түрлі секторында жалақының өсуі, үкіметтің кейінгі 2 жылда қолға алған дағдарысқа қарсы шаралары ықпал еткен. Бұл ретте инфляцияның көтерілуіне азық-түлік бағасының қатты қымбаттауы – негізгі себеп. Инфляцияның өте жоғары деңгейде сақталуы – үлкен мәселе болып тұр. Әсіресе тұрмысы төмен отбасыларға қиынға соғып жатыр. Сарапшылардың болжамы бойынша, 2023 жылы инфляция мақсатты 4-6 пайыздан асып түсіп, тек 2024 жылы сол деңгейде қалыптасуы мүмкін.

Тау-кен өндірісіне тартылып жатқан инвестиция мен мемлекеттің құрылыс саласын қолдауы инвестициялық белсенділікті қолдауы мүмкін, алайда болашақта түрлі қауіп-қатермен бетпе-бет келуі ықтимал. Жоғары инфляция, сырттан алатын қарыз құнының өсуі, халықтың несиеге батуы – тұтынушы шығынының өсімін тоқтатуы мүмкін. Ел мұнайының 70 пайыз жөнелтілетін Каспий Құбыр Консоциумының жұмысындағы сәл іркіліс қазынаға түсетін қаржының азаюына алып келеді.

«Жаһандық қаржы жағдайының қатаңдауы, дамыған елдердегі инфляцияның жоғары болуы дамушы елдерден қаржы кетіп, айырбастау бағамына қысым көрсетуі мүмкін», – дейді Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы өкілі Андрей Михнев.

Сарапшының айтуынша, Қазақстан орта мерзімді даму мақсатын орындау үшін құрылымды реформаларды жалғастыруы керек. Ал қысқа мерзімді уақытта инфляциялық қысымды азайтып, ақша-несие саясатын одан әрі қатайтып, нәтижелі әлеуметтік бағдарламаларды қолға ала отырып, бюджет қаржысын қатаң бақылауы қажет.

Дүниежүзілік банк сарапшылары геосаяси жағдай ұшығып тұрған кезде, сауда-логистика бағыттарын әртараптандырып, баламалы жеткізу жолдарын іздестіру маңызды деп тұжырымдайды.

Сонымен қатар сарапшылар пандемиядан кейін адами капитал сапасының төмендегенін атап өтеді. Білім мен ғылымның, ұлттық әл-ауқаттың артуы, әлеуметтік дамудағы рөлі маңызды екенін ескерсек, Қазақстан бұл жағынан ақсап тұр.

2023 жылғы ақпан айында еліміздегі инфляция деңгейі 21 пайыздан асып, рекорд орнатты. Ал наурыз айында сәл баяулап 18 пайыздың айналасында тұрақтады.

Сарапшылар биыл да ел бюджеті шығынының көбеюі (шығын 1,5 трлн теңгеге артты), жанар-жағармайдың қымбаттауы, коммуналдық қызмет тарифінің өсуі – жылдық инфляцияның артуына себеп деп отыр. Ал инфляция халық табысының өсімін «жеп қойып» отыр.

Сондай-ақ оқыңыз