Қазақстандық банктердегі стресстік активтер мен капитал көлемі қанша?

Жарияланды
Фото: Kursiv.media

4 ірі банк редакция сауалына жауап берді.

Күйзеліске күйремейтін банк жүйесін қалыптастыру оңайға түспейді. Қаржы жүйесі аса берік делінетін АҚШ-тың өзінде ірі банктер банкрот атанып жатыр. Экономикасы тұрақсыз, кез келген жеңіл әсерге бордай езілуі мүмкін біздің елде банк секторының тұрақтылығы аса маңызды. Өйткені бизнесті былай қойғанда, Қазақстандағы 8 миллионға жуық жеке тұлғаның тіршілігі тікелей банктерге байланысты болып тұр. Осы орайда отандық екінші деңгейлі банктерге хабарласып, олардағы стрестік активті азайту мәселесіне тоқталып, ықтимал дүлей-дауылдарға қаншалықты төзімді екенін сұрап білдік.

Сұрау жіберілген банктердің төртеуі ғана редакциямен байланысқа шықты.

«Банк ЦентрКредит» проблемалық активтерді коллекторлық агенттіктерге немесе проблемалық активтерді басқаратын еншілес ұйымға сату мүмкіндігі қарастырылған.  Реттеу «Банктер және банк қызметі туралы», «Жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы» Заңдар мен басқа да оңалту және банкроттық рәсімдерін реттейтін заңнамалық актілері негізінде жүзеге асырылады», дейді БЦК баспасөз қызметі.

«Банк ЦентрКредит» сонымен қатар, Silicon Valley Bank-тің банкрот атануы АҚШ банк жүйесінде үлкен тәуекелдің өрістеп келе жатқанын білдірмейді деген ұстанымда.

«SVB бірінші кезекте ақпараттық технологиялар және денсаулық сақтау саласында стартап индустриясына мән берді. Олар дәстүрлі депозитке бағдарланған салалармен салыстырғанда әлдеқайда тәуекелге толы саланы таңдап алған. Бұл ретте олар бәлкім тәуекел-менеджменттің жоқтығынан болар, пайыздық тәуекелге хеджирлеу жасаған жоқ. Бірақ бұл банкроттық бүкіл АҚШ банк секторына әсер ете қоймайды. Өйткені SVB жүйе құраушы банк емес. Ал бізде өтімділіктің жеткілікті деңгейі бар. Соның арқасында клиенттер алдында міндеттемені толық көлемде, қажетті мерзімде орындай аламыз», деп жауап берді банктің баспасөз қызметі.

Қазіргі кезде БЦК активтерінің пайызы өтімді құралдармен ұсынылған және бұл бәсекелестер арасындағы жоғары көрсеткіштердің бірі саналады. Оның актив, несие және рэнкинг мөлшері бойынша 3-ші позицияда және банк саласындағы лидер саналады. Банктің орнықтылығын халықаралық рейтинг агенттіктері растаған: Moody’s: B1, «Позитивті» болжамы, S&P Global Ratings: B+, «Тұрақты» болжамы.

Jusan Bank өздерінде әзірге коллекторлық агенттіктерге талаптарды сату тәжірибесі жоқ екенін мәлімдейді.

«Бұл ретте ниеттестік бағдарламасының аясында клиенттерге ыңғайлы төлем мөлшері ұсынылып, қарызды бөліп төлеу туралы келісімге келу үдерісі кеңінен қолданылады. Jusan Bank ең ірі банктердің арасында капиталдың активтерге шаққандағы көрсеткіші бойынша 1-орында және меншікті капиталы бойынша 3-орында тұр. Банк активтері 2,8 триллион теңгеден асады, оның 1,5 трлн теңгесі – клиенттердің қаражатын толығымен жабатын өтімді активтер. Банктің өткен жылғы таза пайдасы 82,5 млрд теңгеге (рекордтық деңгей) жетті. Банктің меншікті капиталы 542 млрд теңгеге тең. Бұл ретте капитал резерві 395 млрд теңгеге жетеді», деп хабарлайды.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, банктің қазіргі көрсеткіштері пруденциалдық нормативтерінен айтарлықтай жоғары, бұл оның қаржылық жағдайы жоғары деңгейде және ұйымның несие тәуекелі төменгі деңгейде екенін көрсетеді. 

«Банктің кешіктірілген несиені жабу резервінің деңгейі жоғары, бұл қолданыстағы қарыздарды 225%-ға өтейді. Банк реттеушінің пруденциалдық нормативтерін айтарлықтай резервпен орындайды, яғни оның көрсеткіштері стандарттардан асып түседі. Осылайша, меншікті капиталдың жеткіліктілігі k1 = 29,9%, k2 = 47,4%-ға тең (сәйкесінше 8,5% және 10,0% стандарты бойынша). Ағымдағы өтімділік коэффициенті k4 = 245%-ға тең (cтандарт бойынша 30%-дан кем емес). Бұл көрсеткіштер банктің жоғары қаржылық сенімділігін көрсетеді», деп түсіндіреді баспасөз қызметі.

«Нурбанк» басшылығы NPL өсіміне жол бермес үшін қарыз алушыларды сауықтыру, стрестік активтер қатарына енуі мүмкін берешектерді өтеу бойынша жұмыстардың ұдайы атқарылатынын айтады.

«Стрестік активпен жұмыс істеудің сенімді құралының бірі – күмәнді активтерді басқаратын еншілес ұйым құру. Ол банктен күмәнді және үмітсіз активтерді алумен айналысады. Еншілес ұйым өз меншігіне өткен мүлікті арендаға беру сияқты шараларды атқарып, стрестік активті әрі қарай сата алады. Бас банктің күмәнді және үмітсіз активтерін сатып алатын еншілес ұйым қызметінің тәртібі, сатып алынған күмәнді және үмітсіз активтерді басқаратын кезең, сондай-ақ ол сатып алған күмәнді және үмітсіз активтерге қойылатын талаптар уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді. Стресстік активтерді сатудың және реттеудің тағы бір ықтимал нұсқасы – мұндай активті мүдделі тұлғаларға (МҚҰ, коллекторлық компаниялар, инвестициялық қорлар және т.б.) мақсатты түрде сату. Несие портфелін және рейтингті жақсарту үшін «Нурбанк» жоғарыда көрсетілген тәсілдердің барлығын пайдаланады», деп жауап берді.

Қаржы институты қазақстандық банктер батыстағыдай криптовалюта нарығында белсенді болмағандықтан отандық банк секторының тәуекелі ұлғайған жоқ деп есептейді.

«Банк нарықта 30 жылдан астам уақыт жұмыс істейді. Осы жылдар ішінде ол өзін тұрақты және орнықты қаржы институты ретінде көрсете білді. Жыл басындағы жағдай бойынша банктің капитал жеткіліктілік деңгейі 10 пайыз нормативінде 22,8 пайызды құрады. Өтімділік мөлшері 30 пайыз норматив жағдайында 186,9 пайызға жетіп тұр», делінген жауапта.

Freedom Bank редакция сауалына жауап ұсынып, өтелмеген қарыз төлемдері санын азайту жұмыстары күнделікті негізде іске асырылатынын атап өтті.

«Қарыздарды қайта құрылымдау үшін клиенттерге түрлі құралдар ұсынамыз. Соның арқасында олар жаңа графикке ие болып, өздерінің қаржылық ахуалын біртіндеп қалыпқа келтіреді. 2023 жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша біздегі стрестік актив көлемі жалпы портфелдің 0,01 пайызын ғана құрап отыр. Клиенттердің депозиттерін пайдалану бойынша Freedom Bank тартылған қаражатты BBB орташа кредиттік рейтингі бар жоғары өтімді және сенімді қаржы құралдарына орналастырады, мысалы, Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздары, халықаралық қаржы ұйымдарының және квазимемлекеттік сектор компанияларының облигациялары деген сияқты. Қазақстан қор нарығында жоғарыда айтылған қаржы құралдарына деген сұраныс өте жоғары және олар қысқа мерзімде нарықтық бағамен сатылып кетеді. 2023 жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша банктің өтімділігі мен капитал жеткіліктілігіне қатысты реттеуші қойған барлық пруденциалдық нормативтер артық қорымен сақталып отыр», дейді банктің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ оқыңыз